Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ыстамбұлда қазақстандық әйелдің қазасынан кейін белсенділер наразылыққа шықты

қазақстандық өлім наразылық
Фото: Видеодан скрин/dha.tr

Ыстамбұлда қазақстандық әйелдің қазасынан кейін әйелдер наразылық акциясын өткізді. Ондаған адам істі жан-жақты тергеп, кінәлілердің барлығын жазалауды талап етті. Наразылыққа шыққан әйелдер Айсұлу Бекмаханованың кісі қолынан қаза тапқанына сенімді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Белсенділер бірнеше күн бұрын 26 жастағы қазақстандық әйелдің мәйіті табылған көшеде жиналды. Өлімнің ресми себебі әзірге жарияланбады. Алайда наразылық акциясына қатысушылар қыз өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес деп санайды.

Еске салайық, 26 қазан күні Ыстамбұлда 26 жастағы қазақстандық қыздың мәйіті табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған. Алайда ол екі ғимараттың арасындағы қуысқа құлап түскен. 

Қыз оқиға орнында көз жұмған. Оның Түркияға қыркүйек айында туристік визамен келгені белгілі болды.

Оқиға туралы хабар түскен соң, оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадалары жеткен. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама институтының мәйітханасына жеткізілген.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 08:25