Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы жасанды интеллектің қазақ тілді моделін дамытуды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы жасанды интеллекті дамытуға басымдық беру керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорда

Тоқаев жасанды интеллектің қазақ тілді моделін жасау қолға алынғанын айтады.

“Дербес тіл моделін әзірлеу – жасанды интеллект саласындағы болашағы зор бағыттың бірі. Қазір қазақ тілі моделін жасау жұмысы қолға алынды. Осы жұмысқа сегіз ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орнынан тұратын консорциум тартылды. Бұл бастама цифрлық дербестігімізді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға мықты серпін береді”, – деді ол.

Ол ЖИ саласындағы маман тапшылығын тез арада шешуді ұсынды. 

“Еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарында Google және Huawei сияқты көшбасшы компаниялардың арнайы курстары ашылды. Корея, Қытай елдеріндегі жетекші білім ордаларымен келісімге қол жеткіздік. Білім алмасып, мамандарды бірлесе даярлау туралы уағдаластық бар. Бізге өскелең ұрпақтың жаңа цифрлық технологияны еркін меңгергені керек. Сол үшін орта мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламаларын қайта қарау қажет. Әсіресе, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін үйренуге баса мән берілуге тиіс”, – деді Тоқаев.

Сөзінше, үкімет жасанды интеллект саласын дамытуға барынша назар аударуы керек. Бұл жұмыста ұлттық кеңес мүшелерінің әлеуетін пайдаланған абзал дейді.

Ол Кеңес құрамындағы жұмыс тобына ұсынылған сарапшылар тізімін бекітуді тапсырды.

Талқылау