Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мектепте қудалауға ұшыраған: Төрт оқушыны атып өлтірген 15 жастағы жеткіншек террорист деп танылды

АҚШ-та 15 жастағы жасөспірім 4 оқушыны атып, тағы 7 адамды, оның ішінде бір мұғалімді жарақаттады. Тек 2021 жылы елде 138 қарулы шабуыл тіркелген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме беріп.

Шабуылдың құрбандары 16 жастағы мектеп оқушысы мен 14 және 17 жастағы қыздар болды. Кейін ауруханада тағы бір 17 жастағы оқушы қайтыс болды. Тағы алты жараланған жасөспірім ауруханада жатыр. Олардың көпшілігінің жағдайы тұрақты деп бағаланды. Иығына оқ тиген мұғалім ауруханадан шықты.

Полицияның хабарлауынша, оқушы қылмысын жүзеге асыру үшін әкесі сатып алған жартылай автоматты тапаншаны қолданған.

Мичиган прокуроры атқышқа төрт адам өлімі және терроризм актісі бойынша айып тағуға ниетті екенін, сондай-ақ ата-анасына айып тағуды қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Жоғарғы сынып оқушысы Эйден Пейджтің айтуынша, оның мұғалімі екі оқтың дыбысын естіген соң сыныпты, терезелерді жабуға бұйырған. 

”Қайшы, құралдарды дайындадық, кіріп қалған жағдайда оған шабуылдауға дайын тұрдық”, – деді ол.

Кейбір оқушылардың сөзінше, атқыш Итан Крамбли мектепте буллинге тап болған. 

Тергеушілер жасөспірім қаруды сөмкесіне салып алып келген деп болжап отыр. Оқушылардың сөзінше, шабуыл кезінде олар үстел астына тығылған. Итан Крамбли Инстаграм парақшасында шабуылға дейін төрт күн бұрын 9 мм-лік тапаншасының фотосын жариялаған. Қазір оның парақшасы жабылған.  

Оксфорд қаласындағы орта мектептен полицияға түскі сағат 12:51-де қоңырау түсе бастаған. 911 шұғыл желіге бірнеше минутта жүзден аса қоңырау түскен. Атқыш өзін полиция қоршап алғаннан кейін бес минуттан кейін берілген. Құқық қорғау органдары ол қарсы күш көрсетпегенін, жаралы болмағанын хабарлады. 

Оны тексеру кезінде бойынан жеті оғы қалған қару табылған. 

Окленд округінің шерифі Майк Бушар тергеу бұл жантүршігерлік шабуылға не себеп болуы мүмкін екенін анықтап үлгермеген. Атқыш полициямен байланысқа келуден бас тартты.

Полицияның мәліметінше, ата-анасы шабуылдаушыға құқық қорғау органдарымен байланысқа түспеуін сұраған. 

Ал аудандағы барлық мектеп апта соңына дейін жабылады, оқушылар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсетіледі.

Жергілікті Detroit Free Press газетінің хабарлауынша, оқиғадан бірнеше күн бұрын мектепте шабуыл болуы мүмкін деген қауесет болған, ал кейбір оқушылар сейсенбі күні мектепке бармай қалған.

Көз жұмған оқушылар

Оқушылардың бірінің әкесі ұлының сол кеште “дұрыс емес нәрсе орын алуы мүмкін” екенін сезіп, сабаққа бармай қалғанын айтады. Робин Родин есімді жергілікті тұрғын Associated Press агенттігіне оның ұлы да қауіпсіздігіне алаңдап, сабақтарды өткізіп алғанын айтады.

"Ішімде біртүрлі сезім болды. Біз әдетте сабаққа бірге баратын балалардың ешқайсысы бүгін мектепке бармады", – деген екен ұлы.

Президент Джо Байден оқушылар мен олардың отбасыларына көңіл айтты.

Қару-жарақты бақылауды үгіттейтін Everytown ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы жылдары америкалық мектептерде атыс оқиғалары едәуір жиілеп кетті. Тек 2021 жылдың өзінде қарулы 138 шабуыл тіркелді.

 

 

Талқылау