Мексикада бұрын жоғалып кеткен майя тайпасының ежелгі қаласы табылды
Археолог Мексиканың оңтүстік-шығысындағы Кампече штатында, джунгли ішінде ғасырлар бойы жасырынған ежелгі майя қаласы – Валериананы тапқанын жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: bbc.com
Археологтардың пікірінше, ғимараттардың тығыздығы бойынша бұл қала тек ежелгі майяның ең ірі қаласы саналатын Калакмульға жол береді.
Лидар (лазерлік локация) технологиясының көмегімен археологтар пирамидалар, ойын алаңдары, аудандарды біріктіретін дамбалар мен амфитеатрларды анықтаған. Археологтардың бірі, АҚШ-тағы Тулейн университетінің магистранты Люк Олд-Томас интернеттен деректерді іздеу кезінде Шотландияның астанасы Эдинбургпен салыстыруға келетін үш археологиялық нысанды тапты.
"Google-дан іздегенде шыққан нәтижелердің 16-бетіне өтіп, Мексикадағы қоршаған ортаны мониторингілеу ұйымы жүргізген лазерлік зерттеуді таптым", – деп түсіндіреді Люк Олд-Томас.
Лидар ұшақ арқылы қашықтан мыңдаған лазерлік импульстарды жібереді. Сөйтіп импульстардың қаншалық кеш шағылысқанына қарай карта жасап береді.
Томас ғалымдардың бұрынғы деректерін зерттей келе олардың нені жіберіп алғанын тапты. Бұл біздің дәуіріміздің 750 және 850 жылдар аралығындағы гүлдену кезінде 30 мыңнан 50 мыңға дейін адам тұратын үлкен ежелгі қала болған екен. Айта кетейік, мұндай көрсеткіш қазіргі өңірде тұратын халық санынан да көп. Осылайша Томас және оның әріптестері қаланы жақын маңдағы өзеннің құрметіне Валериан деп атады.
Еске салайық, бұған дейін Эквадорда Риммен жасты ежелгі қала табылғанын жаздық. Амазонка өзенінің бассейнінде мыңдаған жыл бойы жасыл өсімдіктердің астында жасырынған өте үлкен ежелгі қала табылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық осы аймақты мекендеген адамдар туралы ойды түбегейлі өзгертеді.