Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Йогамен шұғылдану харам": ҚМДБ йога жасаудың діни сенімге қарама-қайшы екенін айтты

Блогер Анар Бимурзинаның “йога ислам дініне қарама-қайшы” деген пікірі желіде қызу талқыға түсті. Ол буддизмге қатысты діни кітаптарды оқи келе медитацияны тек тәнді жалаңаштап жасау керек екенін, сонда ғана адам көбірек энергия алатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ағабек Қонарбайұлынан сұрап көрді.

Фото: sportishka.com

Анар Бимурзина бір жылдан аса йогамен айналыспайтынын және осы уақыт аралығында буддизм жөнінде кеңінен танып білгенін айтты.

"Йогамен айналысуды, медитация жасауды және психологияны оқуды тоқтатқаныма бір жылдан аса уақыт өтті. Себебі бұл іспен айналысқан сайын алдымнан көптеген қайшылыққа тап болып, күйзеліске түстім. Сөйтіп бұл тақырыпты тереңінен қазбалай бастадым. Әсіресе, буддизмге қатысты діни кітаптарды оқуды әдетке айналдырдым. Мысалы, йогада жаттығу жасау кезінде арнайы құбылаға қарау дегенді бірінші рет естіп, таңғалдым. Одан кейін адам медитацияны тәнін жалаңаштап жасаған кезде көбірек энергия алатын көрінеді. Бұл белгілі бір дәрежеде тек буддистерге қатысты болып шықты", – деді Анар Бимурзина.

Блогердің сөзінше, медитацияның өзіне тән мантрасы, яғни қағидасы бар. Айта кетейік, мантра – тантризм мен шиваизмнің діни тәжірибесінде сиқырлық сипатқа ие және арбаушылық рөль атқарады. 

"Екінші тармақ медитация. Онда адам медитация жасағанда оның белгілі бір мантралары болады. Мантра кезінде адам "Мен Құдаймын", "Мен Құдайдың құрметіне ие боламын" деген сәтке бөленеді екен. Бұдан соң йоганың харам екенін түсіне бастадым", – деді блогер.

Осы тұста Stan.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан осы жайында сұрап көрді. ҚМДБ өкілі Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, йога жасау діни сенімге қайшы. 

"Йоганың мақсаты – тән мен жанның үйлесіміне жету. Денені шынықтыру арқылы жан саулығы мен сергектігін жетілдіру. Медитация, бұл жағдайда, бақытқа жетудің жалғыз жолы ретінде ұсынылады. Йога мен медитация – индуизм мен буддизмнің ажырамас бөліктері, олардың барлық элементі реинкарнация сенімімен сусындаған. Бұл көзқарас исламдық танымға қайшы. Йогамен айналысудың дұрыс еместігі туралы "Әл-йуға фи мизан әл-нақд әл-ғилми" кітабында мынадай бірнеше себеп келтіреді. Діни сенімге қайшы. Себебі онда Алла Тағалаға серік қосу, яғни күнге табынып, оның есімдерін қайталау бар", – деді діни басқарманың өкілі.

Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, йога мен медитация пұтқа табынушыларға еліктеуден бастау алады.

"Кейбір жаттығулар, мысалы әдеттен тыс әрі жарамсыз отыруы, ұзақ уақыт күнде тұру, көз айырмай күнге қарау және т.б. адамның денсаулығына және психологиялық тұрғыдан оған зиян келтіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Өзіне және өзгеге зиян келтіруге болмайды (Ахмад, Ибн Мәжа)", – деп мысал келтірді ҚМДБ баспасөз өкілі.

Сонымен қатар бұған уақыттың зая кететінін және бұл дүниеде зиян мен шығын, арғы дүниеде апат пен үмітсіздік әкелетінін назарда ұстау керек екенін айтты.

"Тирмизидің дерегіне сүйенсек, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) "Адам қияметте төрт нәрсе туралы сұралмайынша орнынан қозғалмайды: өмірі және оны қалай өткізгені, білімі және оны қалай қолданғаны, мал-мүлкі және оны қайдан алғаны әрі қалай жұмсағаны, денесі және оған қалай күтім жасағаны", –деді Ағабек Қонарбайұлы.

Ал тыйым салынған іс-әрекеттерді жасамау шартымен спорт ретінде йогамен айналысуға шариғат рұқсат етеді деді діни басқарма өкілі.

"Алайда йога арқылы денесі мен ақыл-ойын қалыпты жағдайда сақтауды көздеген мұсылман исламдағы құлшылықтардың әлдеқайда артық екенін ескергені жөн. Өйткені намаз, зікір, ораза сынды ғибадаттардың тәнге саулық, жүрекке тыныштық беретіні анық", – деп түйіндеді баспасөз өкілі Ағабек Қонарбайұлы.

@bimurzina.anar #yulzhankabattle ♬ original sound - bimurzina.anar
Талқылау