Мәжіліс спикері Волгоградтағы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық форумда сөз сөйледі
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Волгоградта "Ұлы мұра – ортақ болашақ" атты халықаралық форумға қатысты. Іс-шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Форумға Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Армения, Вьетнам, Куба, Моңғолия, Сербия, Словакия және басқа да елдердің Парламент делегациялары қатысты.
Қорытынды сессия Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың қатысуымен өтті.

"Біз осынау қасиетті жерде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жиналып отырмыз. Бұл Жеңіс – дүниежүзілік маңызы зор тарихи оқиға. Соғысты, қаһармандарды, олардың ерлігін мәңгі есте сақтау – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды" деген сөзіне назар аударғым келеді", – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов соғыс жылдарында Қазақстанда барлық майданда шайқасқан ондаған әскери бөлім құрылғанын айтты. Жалпы майданға 1,7 миллионнан астам қазақстандық аттанды. Бұл сол кездегі республика халқының төрттен бір бөлігі болатын. Олардың жартысынан астамы ұрыс алаңынан оралмады. 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды, 100-ден астамы Даңқ орденінің толық кавалері болды. Ал төртеуі екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

Сапар барысында Мәжіліс делегациясы Мамаев қорғанындағы еске алу іс-шараларына қатысты. Мұнда депутаттар Сталинград қорғанысы кезінде ерлікпен шайқасқан қазақстандықтарға арналған ескерткішке және 1942 жылы желтоқсанда 23 жасында шайқаста ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры, қазақстандық әскери ұшқыш Нұркен Әбдіровтің ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ Қазақстан депутаттары форумның панельдік сессияларына және Батырлар аллеясындағы Мәңгілік алау жағу рәсіміне қатысты.
20 жастағы қазақстандық қызды бұрынғы жігіті қатыгездікпен өлтірді деп айыпталды: Оқиғаның мән-жайы айтылды