Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Майра Ілиясованың арқасында алдым": Нұржан Қалжан "Қазақстанның құрметті азаматы" атағын не үшін алғанын түсіндірді

Танымал әнші Нұржан Қалжан су жаңа атағының әсерін бөлісіп, кімнің мұрындық болғанын жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Өткен аптада бір топ өнер жұлдыздары “Қазақстанның құрметті азаматы” атағын иеленген еді. Эстрада жұлдызы "Assyltas TV" арнасына берген сұхбатында атақ туралы аз-кем айтып берді. 

“Осы күнге дейін атақ алып көрмеппін. 40 жасымда бірінше рет атақ иеленіп тұрмын. Астана қаласына барып, алып қайттым. Мұндай атақ аламын деген ой болған жоқ. Алматыда болғанда “бір медаль сенікі, алып ал” деген ұсыныс болған. Ол кезде алған жоқпын. Шынымды айтсам, маған атақ керек емес. Атақтан гөрі абыройымыз маңызды. Ел алдында жүргендіктен, абырой-беделімізден айырылғымыз келмейді. Еңбекті сіңіріп атақ алып жатсақ, әңгіме басқа болар еді. Өнер жолындағы алған алғашқы атақ болғандықтан, ыстық көрінеді екен”, – деді өнер иесі. 



Сонымен қатар марапатқа кім ұсынғанын да жасырмады. Айтуынша, 40 жасындағы тойда өнердегі аға-әпкелері атақ алуды ұсынған. 

“Майра Ілиясова апайымыздың арқасында алдым. Сол кісі мені ұсынған. “40 жасқа толдың, атақсыз жүрме, алыуың керек қой” деді. “Бір уақыты келгенде алармыз” дедім де қойдым. Сөйтсем, сол кісінің есінде қалған екен. Мені бас қалаға шақырып, марапаттау рәсіміне қатыстым. Бас тартуға уақыт та болмады. Бірақ марапат алғандағы сәт ерекше болды. маған қатты ұнады. Көңіл-күйің көтеріледі екен, сәл болса да шабыт береді екен. Дәл осы қалыпта жұмыс жасасақ, бұдан да үлкен дәрежеге жетуге болады екен. Адамға сенімділік, алға ұмтылуға жігер, қайрат сыйлайды екен деген сезіммен қайттым. Сол жағы ұнады, әйтпесе, жай ғана темір ғой", – деді Нұржан Қалжан.

Еске салайық, Бүркіттің жары Аиша “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталып, сынға қалған еді. 

Талқылау