Майқайыңда топырақтың опырылуынан тұрғындарға қауіп төнді: Ауылда төтенше жағдай жарияланды
Павлодар облысындағы "Майқайың-алтын" АҚ жерасты шахтасының аумағында топырақтың опырылуы салдарынан Майқайың ауылындағы тұрғын үйлерге қауіп төніп тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖМ
Майқайың ауылында төтенше жағдай жарияланды.
"Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың ауылында "Майқайың-алтын" АҚ жерасты кенішінің аумағында опырылған жерге жақын орналасқан үйлердің тұрғындарының өміріне қауіп төнгендіктен, жергілікті ауқымда техногендік төтенше жағдай жариялансын", –делінген Павлодар облысы Баянауыл ауданы әкімінің қаулысында.
Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков жергілікті техногендік төтенше жағдайды жою басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Екі адамның денесі табылды. Кейін жердің опырылу қаупіне байланысты іздеу тоқтатылды. Алайда із-түссіз жоғалған құтқарушылардың жақындары іздеуді жалғастыруды сұрап отыр.