"Майқайың-Алтын" кенішінде жұмысшы жүк көлігінің астына түсіп, қаза тапты
Павлодар облысында "Майқайың-Алтын" АҚ шахтасында 32 жастағы механик жүк тиегіш көліктің астында қалып, қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Полицияның мәліметінше, оқиға 140 метр тереңдікте болған. Арнайы техниканың жүргізушісі ұсталды.
Әлеуметтік желіде тиеу-жеткізу көлігі шахтадағы жұмысшыны басып өтіп, алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапқаны туралы ақпарат пайда болды. Полициямен кейінірек жағдайды растады.
"Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген хабарламада.
Полицейлер қайғылы оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Еңбек инспекторлары да қайғылы оқиғаны растап, кәсіпорында тексеру басталғанын хабарлады.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Екі адамның денесі табылды. Кейіннен жердің опырылу қаупіне байланысты іздеу тоқтатылды.
Айта кетейік, наурызда Майқайыңда топырақтың опырылуынан тұрғындарға қауіп төнген еді. Ал жоғалып кеткен құтқарушылардың туыстары іздеу жұмысын жалғастыруды сұрады.