"Мәйіт көпқабатты үй терезесінің түбінен табылды": Астанада 19 жастағы жігіттің өліміне қатысты күдіктілер анықталды
Астана полициясы қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтап жатыр. Ведомство екі тараптың, оның ішінде марқұмның анасының мәлімдемелері мұқият тексерілетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
13 қазан күні 19 жастағы жігіттің денесі көпқабатты тұрғын үй терезесінің түбінен табылды. 14 қазан күні марқұмның анасының ұлын әлде біреулердің өлтіріп кеткенін айтқан видеосы тарады. Ол ұлының өліміне 4 адамның қатысы барын айтады. Сондай-ақ олардың билікте танысы барын айтқан ана күдіктілер жауапкершіліктен құтылып кетеді деп қорқады.
Астана полиция департаменті 19 жастағы жігіттің мәйіті табылғанын растап, оған қатысты қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеген еді.
“Алдын ала мәлімет бойынша, ол 9-қабаттың терезесінен құлаған. Оқиғаға қатысы бар адамдар анықталды. Оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында тараптардың, оның ішінде марқұмның анасының барлық дәлелі мен мәлімдемелері мұқият тексеріледі”, – деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, астаналық әйел ұлын төрт адам 9-қабаттан лақтырып жібергенін айтып, видео жариялаған еді.