Маусымда ауа райы қандай болады
Мамандар биыл 27 мамыр-25 маусым аралығына тұспа-тұс келіп тұрған қасиетті Рамазан айына консультативтік ауа райы болжамын жасады.
Синоптиктердің дерегі бойынша, Рамазан айының басында жаңбыр жауып, жел тұрады, мамыр айының соңында ауа температурасы төмендейді: солтүстік бөлігінде түнде 3…8, кей жерлерде 0ºС болады, күндіз 10…18 градус жылы, оңтүстік аймақтарда – түнде 8…13ºС, күндіз 20…25 ºС-қа дейіт көтеріледі деп күтілуде.
«4-5 маусым күндері республика аумағына антициклон әсер етіп, осыған байланысты күн ашылуы мүмкін. Ауа температурасы елдің солтүстігінде 23…28, оңтүстікте 30…35 градус жылы болуы ықтимал», – делінген ҚазАқпараттың қойған сауалына берген Қазгидрометтің жауабында.
Алдын ала болжамға сәйкес, 6-8, 12-14 маусым күндері және екінші онкүндіктің соңында циклондардың өтуіне байланысты ауа райы құбылмалы болады. Өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды және жел тұрады, ауа температурасы төмендеуі мүмкін. Қалған күндері Орталық Азия аймақтарынан жылы ауа ағыны келіп, күн жартылай бұлтты болады және ауа температурасы солтүстік өңірлерде күндіз 30…35, оңтүстікте – 35…42 градусқа дейін көтеріледі.
Қазгидромет консультативтік ауа райы болжамының синоптикалық жағдайларға байланысты өзгеріп отыратындығын атап өтті.