"Маска, қолғаптар берілмеді": Қостанай облысында бруцеллез ауруына шалдыққан мал дәрігері ветеринария станциясын сотқа бермек
Қостанай облысында бруцеллез ауруына шалдыққан мал дәрігері ветеринария станциясын сотқа бермек. Айтуынша, өзінің осы дертке шалдығуына жұмыс орнының қажет қорғанатын құралдар бермеуі себеп болып отыр. Алайда басшылығы болса, оның жұмыстан тыс уақытта ауру жұқтырғанын айтып ақталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: сюжет кадрларынан скрин
Ветеринар дәрігер Бауыржан Маданов қазір бруцеллездің салдарын анықтау үшін кезек-кезек барлық органын тексертіп жүр. Бұл диагноз оған қаңтарда қойылған. Ер адамның айтуынша, ол жаңа жыл алдында өзін нашар сезінген. Кейін тіпті жағдайы одан сайын нашарлаған.
“Жұмыста есімнен танып қалдым. Содан шұғыл түрде ауруханаға түстім. Кейін желтоқсан айында ауруханадан шығып, үйде емделдім. Жаңа жылдан кейін денсаулығым сыр беріп, қалаға келіп қан тапсырдым. Сөйтсем менен бруцеллез анықталды”, – деді ол.
Бауыржан 2023 жылдан бастап Ұзынкөл ауданының Федоров окургінде мал дәрігері болып жұмыс істейді.
Айтуынша, алдымен денесінде қызу пайда болып, бұлшықет пен буынында қатты ауырсыну болған. Бұл ауру сонымен қатар барлық органдағы ауруды асқындырады.
“Бұл инфекция малдың зәрінен, нәжісінен жұққан болуы керек. Себебі жұмыста қорғаныс құралдары, маска, қолғаптар берілмеді. Бұл құралдар туралы тіпті ұжымдық шартта көрсетілген. 2023 жылдан бері жұмыс істеймін. Бірақ ешқашан ештеңе алған жоқпын. Жарайды, егер қоймада жатып, оны қолданбасақ біздің кінәміз. Бірақ мен бір рет те алған жоқпын”, – деп қосты ол.
Ветеринария басқармасы бұл кейінгі екі жылда мал дәрігерінің бруцеллезбен ауыруының жалғыз жағдайы екенін алға тартты. Айтуларынша, барлық қызметкер жеке қорғаныс жиынтығымен қамтамасыз етілген және әр дәрігер оларды өткен жылы 100 данадан алған.
“Ол ауруды жұмыста жүрген кезде жұқтырды деп айта алмаймыз. Ұзынкөл ауданының ветеринария станциясы басшысының бізге берген ақпараты бар. Онда бұл дәрігердің басқа елді мекендерде жұмыс уақытынан тыс кезде ветеринарлық қызмет көрсеткені айтылған”, – деді Қостанай облысы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Талғат Шамшадин.
Өңірлік ветеринария басқармасының деректеріне сәйкес, Бауыржан Маданов жұмыс істейтін елді мекенде былтыр мал арасында бруцеллез ауруы тіркелмеген. Ал көрші ауылда тура сол кезде ауру шыққан.
Дегенмен Бауыржан ауруды кәсіби міндеттерін орындау кезінде жұқтырғанын дәлелдеуге және өтемақы алуға ниетті. Қажет болған жағдайда ол сотқа жүгінетінін айтты.