Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марат Омаров УЕФА президенті Александр Чеферинмен кездесті

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров УЕФА басшысы Александр Чеферинмен кездесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: kff.kz

ҚФФ басшысы ресми сапармен Швейцарияның Ньон қаласына барды. Бұл кездесу УЕФА-ның штаб пәтерінде өтті.

Жиын барысында Марат Омаров Чеферинге Қазақстанға ресми сапармен келуге ұсыныс білдірді. Өз кезегінде УЕФА президенті бұл ұсынысты қабылдап, ресми сапармен осы жылы келуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, егер бұл келісім жүзеге асса, Чеферин мырза Орта Азияға алғаш рет жұмыс барысымен келмек.

Екі жақты келісім барысында елімізде еуропалық турнирлерді өткізу мүмкіндігі де талқыланды. ҚФФ Қазақстанда Еуропа жастар чемпионатын, сонымен қатар УЕФА Конференция лигасының финалын өткізу туралы ұсыныстар тастады. Алматы мен Астана қалаларында аталған турнирлерді ұйымдастыруға болатыны айтылды.

УЕФА және ҚФФ президенттері Қазақстан құрамалары жайлы сөйлесіп, жастар командаларының дамуы мен клубтардың еурокубоктік турнирлердегі бәсекесі жайлы сөз етті.

Іссапар барысында Марат Омаров төрешілер комитетінің басшысы Роберто Розеттимен де кездесті. Нәтижесінде ҚФФ төрешілер департементінің директорын тағайындау бойынша УЕФА тарапынан арнайы кеңесшілер жіберілетін болды.

Талқылау