Астанада студенттерді қабылдау кешінде "Заң және тәртіп" деген ең үлкен ту ашылды

Фото: Maqsut Narikbayev University баспасөз қызметі
Елордада Maqsut Narikbayev University-де студенттерді қабылдау салтанатты шарасы аясында ауданы 800 шаршы метрді құрайтын Қазақстанның ең үлкен туы мен ауданы шамамен 300 шаршы метрді құрайтын "Заң мен тәртіп" нарративінің үлкен туын ашу рәсімі өтті. Туды ашу рәсімін универститет түлегі әрі оқытушысы Нұркен Айменов "Атамекен" әнімен сүйемелдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ауқымды кеш "Arman Iesi. Think.Create. Lead" тақырыбында ұйымдастырылды. Бұл отансүйгіштік сезім мен адами құндылықтардың жарқын көрінісі және мемлекеттің институттарына деген тұрақтылықтың, құқықтық тәртіптің және сенімнің символы болды.
Бұл рәсім 1994 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді, аталған шара университетке жаңа студенттерді қабылдаудың маңыздылығын көрсетеді.
Шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, парламент мәжілісінің депутаттары, Астана қаласы әкімдігінің басшылығы, халықаралық компаниялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер қатысты.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студет атанған жастарға сәттілік тілей отырып, қоғамдағы заң мен тәртіпті орнататын, құқықтық Қазақстанның болашағы осы оқу орнының түлектері екенін мәлімдеді.
"Заң әрдайым өзіңе және айналаңа адал болуды талап етеді. Сондықтан алдымен осы беделді оқу орнына түскен студенттерге сәттілік тілей отырып, адалдық заңын естен шығармау керек екенін ескерткім келеді. Бұл оқу орны – әділдіктің, құқық және заңның тілін меңгеретін жер. Президенттің "Адал азамат" деген тұжырымдамасы бар. Кез келген Қазақстан азаматы осы қағидатты ұстануға тиіс. Сіздер осы адалдық заңын ұстанатын еліміздегі танымал әрі белді оқу орнына түсіп отырсыздар. Университет академиялық адалдық принциптерінің негізін қалаған. Сонымен қатар MNU елімізде білім сапасы, жоғары деңгейлі халықаралық аккредитациялары, түлектер қауымдастығы және қоғамға қызмет етуімен әйгілі", – деді министр.

Ал MNU ректоры Анар Ибраеваның сөзінше, “Arman Iesi. Think. Create. Lead" тақырыбы – бұл жаңа ұрпаққа кең ойлап, батыл қадам жасауға мүмкіндік.
"Студенттер өз арманы мен болашағының иесі болу үшін адалдық пен даналықты серік етіп алға басады. Жасанды интеллект кез келген сұраққа жауап бере алатын бүгінгі заманда жай ғана білім жинау жеткіліксіз. Оны терең түсіну, талдау, ой қорыту, сезіну және дұрыс қолдану маңызды. Өйткені болашақтың нағыз көшбасшылары – өз идеяларымен, әрекетімен және нәтижесімен қоғамды алға жетелейтін азаматтар", – деді Анар Ибраева.

Сонымен қатар шарада ауданы шамамен 300 шаршы метр болатын "Заң мен тәртіп" нарративінің үлкен туының ашылу рәсімі болды. 1800-ден астам бірінші курс студенті көпшілік алдында ант берді. Бұл әрекетімен олар отансүйгіштік пен адами құндылықтарға, құқықтық тәртіп пен сенімге берік болуға, қоғамға қызмет етуге уәде етті.

Кештің басты оқиғасы университеттің төрт жоғары мектебі арасындағы жарыс форматындағы тартыс болды. Жоғары гуманитарлық мектеп, халықаралық журналистика мектебі, халықаралық экономика мектебі және жоғары құқық мектебі студенттері студенттер қатарына қабылдау кубогы үшін бақ сынап, өнерлерін ортаға салды. Олар әлеуметтік жобалар мен театрландырылған қойылымдар ұсынды. Тақырып армандай алу, өз ұмтылыстарын басқара білу, жеке даму жолын құрып, идеяны нақты іс-қимылға айналдыруды айшықтайды. Бұл тақырып мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтқан жасанды интеллект дәуіріндегі ерекше сипатқа ие.
Сонымен кеш соңында халықаралық экономика мектебі MNU Студенттер қатарына қабылдау 2025 кешінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ Халықаралық журналистика мектебі креативті және жарқын қойылымы үшін университет басшылығының арнайы жүлдесін иеленді.
Әсем ән мен мың бұралған биімен көпшілікті тамсандырған жастар өз сертіне берік, ұстанымына адал болатындарын осы салтанатты рәсімде дәлелдеп тастағандай. Жүздері бал-бұл жанып, армандарына апаратын жолды дұрыс таңдағандарын көрсете білді. Батыл қадамдары мен рухты сөздері сол ұмтылыстарын меңзеп тұр.

Студенттерді құттықтауға келген "Өнер" жастар театрының қойылымы адалдықты сөз етіп, арманға ұмтылған жастар бейнесін сомдады. Сондай-ақ танымал әнші Yenlik пен аты аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамблі алғаш студент атанған жастарды құттықтап, әсем әннен шашу шашты.
“2 миллиард теңгеге жуық“: Қазақстан өңірлері 2026 жылды қарсы алуға қанша қаражат жұмсайды?