Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаудағы 13 жастағы баланың өлімі: Іс сотқа жолданды

Жасөспірім өлім сот іс (1)
Фото: magnific.com

Биыл сәуір айында соқырішекпен ауырған 13 жастағы баланы үйге шығарып жіберіп, өліміне себеп болды деп айыпталған Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Дәргігердің қызметінен кеткенін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жүргізген жоспардан тыс тексеру және Маңғыстау облысындағы жергілікті атқарушы органдар құрған комиссияның жұмысы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мен оның сапасына қатысты өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған.

"Тексеру қорытындысы бойынша облыстық балалар ауруханасының директоры қызметінен босатылды. Медициналық көмек көрсету фактісі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс материалдары сотқа жолданды", – деп жазды Әлназарова өзінің Instagram парақшасында.

Ол Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін бақылауды жалғастыратынын айтты. Сондай-ақ мұндай жағдайлардың формалды жауаппен шектелмей, нақты қорытынды мен жүйелі шешімді талап ететінін жеткізді.

“Қаза болған баланың анасын Астанада жеке қабылдаймын. Бұл қайғы отбасы үшін орны толмас қасірет. Кінәлілер заңға сәйкес әділ жазасын алады", – деп қосты министр.

Оқиғаны мән-жайы

Ақтаулық Жұлдыз Азанова 17 қаңтарда ұлы кенеттен ішінің ауырғанына шағымданған. Жедел жәрдем шақырып, оны аймақтық көпбейінді балалар ауруханасының қабылдау бөліміне соқырішек күдігімен жеткізілген. Ол үш сағат дәрігерлер бақылауында болған. Алдын ала диагноз расталмаған соң, баланы үйіне қайтарған.

Алайда баланың ішінің ауруы тоқтамаған. Күн сайын дене қызуы көтеріліп отырған. Анасының айтуынша, олар бірнеше рет емханаға, педиатрға және жұқпалы аурулар ауруханасына жүгінген. Бірақ нақты диагноз қоймай, әр жолы үйіне қайтарып жіберген. Жағдайы қатты нашарлағаннан кейін ғана бала ауруханаға жатқызылып, ота жасалған.

"Уақыт жоғалғандықтан, операция кезінде хирургтар тек соқырішекті ғана емес, ішектің едәуір бөлігін де алып тастауға мәжбүр болған. Сондай-ақ дәрігердің айтуынша, ота барысында ауыр жағдайлар тіркелген. Жүрек бірнеше рет тоқтап қалған”, – деді Жұлдыз Азанова. 

Кейінірек, 19 ақпанда, бала санитарлық авиациямен Алматыға жеткізіліп, емін жалғастырған. Бала 13 сәуірде қайтыс болған.

"Ұлымды азаптап, өлімге жеткізді. Оны енді ғана мәйітханадан алып шықтым. Өлімі туралы анықтама алдым. Менің жанайқайымды бүкіл Қазақстан естісін”, – деді Жұлдыз Азанова. 

Баласынан айырылған ана Егер біліксіз дәрігерлер мен шенеуніктерден қызметін босатуды талап етті. 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 09 Тамыз, 2026 12:32