Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда 460 баланы уландырған мектеп асханасының қызметкерлеріне айыппұл салынды

Маңғыстау облысында 460 оқушының улануына байланысты мектеп асханасының қызметкерлері айыппұл төлеуге міндеттелді. Мұнайлы аудандық соты өткен жылдың желтоқсан айында төрт асхана қызметкерін кінәлі деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: cgon.rospotrebnadzor.ru

"Аталған тұлғалар Мұнайлы ауданы №8 орта мектептің тамақтану бөлімінде жалған медициналық құжаттарды пайдаланып жұмыс істеген. Бұл факт осы мектеп оқушыларының жаппай улануы бойынша жүргізілген тексеріс барысында анықталды", – деп хабарлады Маңғыстау облысының прокуратурасы.

Төрт әйел 20-40 АЕК (73 840 – 147 680 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Маңғыстау облысы, Бесшоқы ауылындағы №8 мектептің бірінші сынып оқушыларының уланғаны туралы өткен жылдың қыркүйегінде белгілі болды. 

Іштің ауырсынуы мен құсу белгілерімен 460 бала сырқаттанып, көпшілігі ауруханаға түсті. Оқушылардың ата-аналары балалардың мектеп асханасындағы тамақтың сапасыз екеніне бірнеше рет шағымданғанын айтты.

Бұл жағдайдан кейін премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау министрлігіне еліміздегі барлық мектеп асханаларын бір айда тексеруді тапсырды. Маңғыстау облысындағы мектепке санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тексеріс жүргізгенде, асханадағы 10 қызметкердің алтауынан стафилококк бактериясы анықталды.



Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланған мектеп асханасының қызметкерлері жалған медициналық құжатпен жұмыс істеген болып шықты. Маңғыстау облысындағы мектеп асханасында жұмыс істейтін төрт адам дәрігерлерге тексерілмей, арнайы кітапшаны 5 мың теңгеге сатып алған екен. Сотта кінәсі толық дәлелденген айыпталушылар әкімшілік жазаға тартылды. Бір қызметкер 148 мың теңге, қалған үшеуі 74 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Олар қолдан жасалған медициналық құжатпен жұмысқа орналасып, балаларға ас дайындап жүре берген.

Талқылау