Екібастұз тұрғындары көк тұман мен күйік иісіне тұншығып отыр
Екібастұз тұрғындары қаладағы қою түтінге шағымданып жатыр. Ересектер мен балалар өзін жайсыз сезініп, жүрек айну және бас ауруы белгілері байқалып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, көк түтін көрініп қана қоймайды, оның жағымсыз иісі де бар. Олар экологтардың келуін талап етті.
Адамдар ауадан күйік иісі мен бензин және күкіртсутекке ұқсайтын белгісіз химиялық заттардың иісі сезілетінін айтып шағымданып отыр. Жағдай таңертең және түнге қарай күрделене түседі. Осы уақытта қала тұрғындарының көбі тамағының ашуы, жүрек айнуы және бас ауруына шағымданады. Көпшілігінде далада серуендегеннен кейін жөтел пайда болады. Әсіресе, аллергиясы бар адамдарға қиын дейді тұрғындар.
Олар бұл жағдайға көмір разрезін кінәлап отыр. Қала маңында елдегі ең ірі үш көмір өндіруші кәсіпорын орналасқан. Мамандар оқиға орнына барып, ауа құрамынан сынама алған. Алайда қауіпті заттардың шекті мөлшерден асып кетуі анықталмаған.
Мамандардың айтуынша, түтіннің пайда болуына желсіз әрі ыстық ауа райы себеп болып отыр. Мұндай жағдайда көмір разрездеріндегі көмір тотығады. Салдарынан ол өздігінен тұтанып, ауаға өткір түтін бөле бастайды.

Экологтар көмір өндіру саласын ерекше бақылауға алғанын атап өтті. Жуырда разрездерден заңбұзушылықтар да анықталған. Екі кәсіпорын кемшіліктерді жойған, ал бір нысанда қайта тексеру жүргізіліп жатыр.
“Өрт ошақтары болған, тұтану жағдайлары тіркелді. Алайда биылғыдай жиі болған емес. Биыл ашық разрездердегі өрт ошақтарының саны артты. Олардың бір бөлігін, мысалы, Шығыс разрезінде оқшауладық. "Богатырь" разрезіндегі ошақтар да оқшауланды”, – деді Павлодар облысы экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жомарт Кәрімов.
Айтуынша, қазір "Ангренсор Энерго" ЖШС бойынша мәселе ашық күйінде қалып отыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны кезінде жылқының жағдайы көпшіліктің ашуын туғызды