Маңғыстау облысында оқушылардың жаппай улануынан соң Қазақстанның өзге аймақтарында мектеп асханаларын тексеру басталып кетті
Маңғыстау облысындағы оқушылардың жаппай улануынан соң енді Қазақстанның өзге аймақтарында мектеп асханаларына тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Мектеп асханаларының санитарлық нормаларға сәйкестігі тексеріледі. Тек Ақтөбе облысының өзінде 400-ден астам мектепті инспекциялау жоспарланып отыр. Бақылаушылар өнімнің сапасы мен қызметкерлердің санитарлық кітапшаларын қарайды.
Бірінші аптада-ақ өнімді дұрыс сақтамау, мерзімі өткендерді пайдалану сияқты фактілер анықталған.
Бұл тексеру Маңғыстау облысында балалардың жаппай улануынан кейін басталды. Онда оқушылар санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты ауырған еді. Асханадағы кран құбырынан ішек бактериялары табылған. Ал асхана қызметкерлерінен стафилококк пен бактериялық дизентерия анықталды.
Бүгінде Ақтөбе мектептерінде балалардың улану жағдайлары тіркелмеген. Бірақ тексерулер қазан айының соңына дейін жалғаспақ.
“Азық-түлік сақтауда бұзушылықтар анықталды, тоңазытқыштарда жарамды мерзімі өткен өнімдер болды. Өнімнің сертификаттары уақытында берілмеген. Бірнеше мектепте жеткізушілер жұмыс істейді. Сондықтан олар сертификаттарды әрдайым уақытында бере алмайды. Дегенмен бұл құжаттар болуы керек, өйткені оларды мемлекеттен тапсырыс алған кезде көрсетеді”, – деді Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаева.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында Бесшоқы ауылындағы №8 мектепте оқушылар жаппай тамақтан уланып қалған еді. Деректерге сенсек, мектеп асханасына барған 1-4-сынып оқушылары зардап шеккен.