Қазақстандық мектеп директоры мұғалімдерді өз айыппұлын төлеуге мәжбүрлеген
Маңғыстау облысында №3 арнаулы мектептің басшылары қарамағындағылардан ай сайын заңсыз ақша жинаған. Қызметкерлер қаржыны Kaspi Bank және Halyk Bank мобильді қосымшалары арқылы жіберіп отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Формальды бұйрықтар шығару және жеке тұлғаларға артық сыйақылар есептеу негізінде қаражатты заңсыз аудару фактілері анықталды. Мектеп директоры қарамағындағыларды өзіне салынған әкімшілік айыппұлды төлеуге мәжбүрлеген.
"Аталған арнаулы оқу орнының лауазымды тұлғаларына қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 361-бабы (Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – делінген хабарламада.
Күдіктілер Қылмыстық кодекске сәйкес, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылорда облысында бұрынғы шенеунік кәсіпкерлерді ұлының оқуының ақшасын төлеуге мәжбүрлегені туралы жазған едік.
Сонымен қатар шенеунікке өңірдегі кәсіпорындарының белгіленген мөлшерде сұйытылған газ алуын шектеп, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірді деген айып тағылған.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған.