Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында өлі қоқиқаздар табылды (видео)

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында бірнеше қоқиқаздың өлігі табылды. Өлі құстарды бала тауып, видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап. 

қоқиқаз

"24.04.2022 жылы Facebook әлеуметтік желісінде Бейнеу ауданына қарасты Сам құмында Қазақстанның Қызыл кітабына енген 5 бас қоқиқаздың (фламинго) өлген денелері құм арасында жатқаны түсірілген бейнежазба таралған. Қазіргі таңда, осы оқиға бойынша "Сам" мемлекеттік орман қорының инспекторлары жедел түрде барып, анықтау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен бірге, "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК-ның Ақтөбе филиалының инспекторлары, Бейнеу аудандық ПБ-нің қызметкері Бейнеу ауданының аумағындағы Сам құмы және оған іргілес жатқан аумақтарды шолу жұмыстарын жүргізуде", – делінген Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы таратқан хабарламада.

Мамандардың пікірінше, құстардың өліміне аймақтағы қолайсыз ауа райы себеп болуы мүмкін. 

“Соңғы кездерде Маңғыстау облысының аумағында шаңды дауыл соғып, күн желді болып тұр. Жыл құстарының миграциясы Бейнеу ауданы аумағынан өтеді. Осындай қолайсыз ауа райында, құстардың миграциясы кезінде ішіндегі әлсіздері орта жолда қонып, әрі қарай солтүстік бағытқа ұша алмай, олардың өліміне әкелген болуы мүмкін. Бұл аумақта су көздері жоқ. Құстар табылған жағдайда, ветеринарлық дәрігерлер тарапынан тиісті сынамалар алу жұмыстары жүргізіледі", – деп мәлімдеді табиғат қорғаушылары.

Қызғылт қоқиқаздар – жыл құстары. Жазда олар Ақмола облысындағы Қорғалжын қорық аймағын мекен етеді. Ал қыста Ирак немесе Түркіменстанның жылы аймақтарына көшеді. Көктемде және күзде олар Маңғыстау облысында тынығу үшін тоқтайды. 

Ақпанда мыңға жуық қоқиқаз Ақтау маңындағы Қаракөлге қонған. Әдетте олар Маңғыстау облысына сәуірде келеді, алайда биыл ақпан айында байқалған. Мамандар құстардың ерте оралуына қыстың жылы болуы әсер етуі мүмкін екенін айтқан. 

Қызғылт қоқиқаз Қазақстанда Қызыл кітапқа енгізілген. 

Талқылау