Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов қамауға алынды
Сұйытылған мұнай газ өнімдерін жеткізуді қадағалайтын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов ұсталды. Бұл ақпаратты қаржы мониторингі агенттігі растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі inAktau.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, сот Ғалымжан Ниязовқа қатысты екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын енгізген.
"Ниязов қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу аясында қамауға алынды", – деді Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Басқа ақпараттар тергеу шараларына байланысты жария етілмейді.
- Экология вице-министрі мен "Оператор РОП" басшысы ұсталды
- Елімізде лауазымды қызметкерлер бірінен соң бірі не себепті орнын босатып жатыр: Саясаттанушы түсіндірді
Кейін қаржы мониторингі агенттігінің Telegram-арнасында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды.
"Қаржы мониторингі агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану арқылы ауыр залал келтірді деген күдікпен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязовты сотқа дейінгі тергеу шаралары аясында ұстады. Сот қаулысымен Ғ. Ниязовқа қатысты тергеу органы таңдаған және облыстық прокуратураның мақұлдауымен екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы енгізілді", – делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова пара алды деген күдікпен ұсталған еді.