"Манчестер Юнайтед" аңызы Луиш Нани ақтөбелік көпбалалы отбасыға пәтер кілтін табыстады
“Ақтөбе” футбол клубының португалиялық жұлдызы Луиш Нани көпбалалы отбасының көптен күткен арманының орындалуына себепкер болды. Футболшы алты баласы бар отбасыға жаңа үйдің кілтін табыстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайырымдылық шарасы Ақтөбедегі Орталық стадионда өткен. Бұған дейін жалдамалы баспанада тұрып келген отбасы “Харекет” қоғамдық қайырымдылық қорының әлеуметтік жобасы аясында жеке баспанаға ие болды.
Отбасында алты бала тәрбиеленіп отыр. Әкесі бала-шағасын асырау үшін тынымсыз еңбек етсе, анасының ауыр жұмыс істеуге мүмкіндігі болмаған. Кездесу барысында Луиш Нани балалармен естелік суретке түсіп, өзінің қолтаңбасы қойылған “Ақтөбе” клубының жейдесін сыйлады. Артынша отбасыға жаңа баспананың кілтін табыстады.

Нани бұл сәттің өзі үшін де ерекше екенін жасырмады. Футболшы бала кезінде тұрмыстың қиындығын көргенін айтып, көпбалалы отбасының қазіргі қуанышын жақсы түсінетінін жеткізді.
“Мен де жастық шағымда өте кедей тұрдым. Отбасымыз үлкен еді, бауырларым көп болды, бәріміз шағын ғана үйде тұратынбыз. Кейін жаңа баспанаға көшкен сәттегі қуанышым әлі есімде. Сондықтан сіздердің қазіргі сезімдеріңізді жақсы түсінемін. Адамдарға қуаныш сыйлап, олардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге аз да болса үлес қоса алсам, мен үшін одан асқан бақыт жоқ”, – деді футболшы.
Луиш Нани “Ақтөбе” клубының қатарына 2026 жылғы 25 қаңтарда қосылған. “Манчестер Юнайтед” пен Португалия құрамасының бұрынғы ойыншысы кәсіби мансабын қайта жалғастырып, қазақстандық клубпен маусым соңына дейін келісімшарт жасасты.
Биыл Нани “Ақтөбе” сапында 20 матч өткізіп, үш гол соғып, төрт нәтижелі пас берген.
Ал “Харекет” қоғамдық қайырымдылық қоры Қазақстанда “1000 теңгеге баспана” бастамасымен танымал. Қор әлеуметтік жағдайы төмен әрі баспанаға мұқтаж отбасыларға үй алып беруге көмектесіп келеді.
Қазақстандық оқушыны спорттық аяқ киіммен барғаны үшін мектепке кіргізбей қойған