Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық мұнайшының немересі қырғыз экс-шенеунігінің ұлына тұрмысқа шықты

Жақып Марабаев, Самира, Аймен
Фото: ПолитКлиника

Қазақстандық белгілі мұнайшы Жақып Марабаевтың немересі Самира қырғызстандық экс-шенеунік Райымбек Матраимовтың ұлы Айменге тұрмысқа шықты. Екі ауқатты әулеттің үйлену тойы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қырғызстандық БАҚ мәліметінше, салтанатты кеш 30 тамызда Ташкенттегі бес жұлдызды Marriott қонақүйінде өткен. Тойға саясаткерлер, кәсіпкерлер мен қоғам өкілдері шақырылған. Қонақтар арасында Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаттары да болған.

Жас жұбайлардың тойында Филипп Киркоров, Люся Чеботина және қазақстандық әнші RaiM өнер көрсеткен.

Қалыңдық Самира – Лейла Солтанбаеваның қызы. Оның атасы Жақып Марабаев Қазақстанның мұнай-газ саласында ұзақ жыл еңбек еткен. Ол кезінде “ҚазМұнайГаз” компаниясы басқарма төрағасының орынбасары әрі директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарған. Бұған дейін “Қазақстанкаспийшельф” компаниясын да басқарған.

 Лейла Солтанбаева
Фото: ПолитКлиника

Марабаевтар отбасының бизнесі мұнай саласымен ғана шектелмейді. Жақып Марабаевтың ұлы Нұржан Kuryk Port Development компаниясын басқарады. Ал әулетпен байланыстырылатын Semurg Invest компаниясы Құрық портындағы “Саржа” теңіз терминалы жобасына қатысады. Қалыңдықтың анасы Лейла Солтанбаева аталған компанияда корпоративтік директор қызметін атқарады.

Ал күйеу жігіт Айменнің әкесі Райымбек Матраимов – Қырғызстан Мемлекеттік кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары.

Матраимов кеден саласындағы еңбек жолын 1997 жылы жүргізуші болып бастап, кейін басшылық қызметке дейін көтерілген. 2015 жылы ведомство төрағасының орынбасары болған. Кейін оның есімі Қырғызстан кеденіндегі жемқорлыққа қатысты журналистік зерттеулерде аталды. Елде оған “Райым-миллион” деген лақап ат тағылған.

Жақып Марабаев пен Райымбек Матраимовтың балаларының тойы
Фото: ПолитКлиника

2020 жылы Матраимов жемқорлық ісі бойынша ұсталып, бір жылдан кейін сот оны кінәлі деп таныған. Ол үкім шыққанға дейін мемлекетке 2 миллиард сом өтеген.

2024 жылы бұрынғы шенеунік тағы қамауға алынды. Бұл жолы оған мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту және бұзақылыққа қатысты айыптар тағылған. Кейін Қырғызстан билігі Матраимовтың мемлекетке шамамен 200 миллион доллардың активтерін өткізгенін мәлімдеді. Осыдан соң ол босатылған.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 21:46