"Ата-анамыздың жоғы жанымызға батады": Қара бетперде киген жігіт жетім қалған бес балаға баспана сыйлады

Қара бетперде киген жұмбақ жігіт ата-анасынан айырылып, жетім қалған бес балаға пәтер сыйлады. Сондай-ақ ауыр дертке шалдыққан 7 жастағы үйдің кенжесінің емін толық өз мойнына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
15 жастағы Дариғаның отбасында бес бала бар. Олардың әкесі жүрек ауруынан көз жұмса, анасы үш ай бұрын қатерлі ісіктен қайтыс болған. Ата-анасынан бірдей айырылған балалардың өз баспанасы жоқ.
Дариға ата-анасын қатты сағынатынын, әсіресе кішкентай сіңлісінің анасының қайтыс болғанын әлі түсіне алмай жүргенін айтты.
“Ата-анамызды қатты сағынамыз. Олардың орнын ешкім баса алмайды. Анамыз қайтыс болғаннан кейін кішкентай сіңліміз қайта-қайта “Анам қайда? Анамды көрсетіңдерші” деп сұрай беретін. Біз оған не айтарымызды білмейтінбіз. Кейде адамдардың “Бұлар жетім қалды, ата-аналары жоқ” деген сөздерін естимін. Мұндай сөздер жүрекке қатты батады”, – дейді Дариға.
Отбасының жағдайын 7 жастағы кенже қыздың ауыр дерті одан сайын қиындата түскен. Дәрігерлер оған “апластикалық анемия” диагнозын қойған.
Балалардың тағдырын естіген қара бетперде киген қайырымды жан оларға жаңа пәтердің кілтін табыстап, кенже қыздың толық емделуіне көмектесетінін жеткізді.
“Дариға, қарындасым, Алланың қалауымен бүгін өмірлеріңізде жаңа кезең басталады. Бұйыртса, сіңліңіз толық ем қабылдайды. Сондай-ақ бүгіннен бастап өз баспаналарыңыз бар”, – деді бетперде киген жігіт.
Желі қолданушылары қайырымды жанның әрекетіне алғыс айтып, балаларға жылы лебіздерін білдіріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін қара бетперде киген жұмбақ жігіт өз диагнозына қарамастан, жұрттың үйінде ыдыс жуып отбасын асырап жүрген әйелдің жанұясына пәтер сыйлағаны хабарланған еді.
Алматы облысында әйел көлікпен үйдің ауласына кіріп кеткен: Жарақат алған тұрғын бір аяғынан айырылды
Оқыңыз