"Мақсат-міндет толығымен орындалды": Мемлекет басшысы ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды
4 шілде Астанада Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың үлгісі екенін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның "шанхай рухы" негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын жеткізді.
"Шанхай Ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ мемлекет басшысы ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысына тоқталды. Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нәтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және Шанхай ынтымақтастық ұйымы жастар кеңесі өткенін мәлімдеді.
Фото: Ақорда
"Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. Шанхай ынтымақтастық ұйымы серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады", – деді Тоқаев.
Тоқаев осы шаралардың нәтижесінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын айтты.
"Шанхай ынтымақтастық ұйымы форматын" барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында "ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары" жобасы мен "ШЫҰ Жібек жолы" бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды", – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымы төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады.
Айта кетейік, бұған дейін Шанхай Ынтымақтастық ұйымы саммитінде 25 құжатқа қол қойылғаны туралы жазған едік.