Англияда үш жеткіншектің өлімінен кейін тәртіпсіздіктер басталды
Ливерпуль маңында Саутпортта балалар би клубына жасалған шабуылға қарсы халық наразылыққа шықты. Шеруге шыққандар мұсылман қауымын қылмысқа қатысы бар деп айыптап, полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігін сынаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Reuters
BBC-дің хабарлауынша, сейсенбі күні кешке бірнеше жүздеген бүлікші жергілікті мешітке тас, бөтелке және басқа да заттарды лақтырған. Олар полицияның шағын автобусы мен қоқыс контейнерлерін өртеп жіберген. Полиция көрші қалалардан қосымша күш шақыруға мәжбүр болды.
50-ден астам полиция қызметкерінің жарақат алғаны, олардың көбі ауруханаға жатқызылғаны, қалғандарына сол жерде медициналық көмек көрсетілгені хабарланды.
Полицияның мәліметінше, балаларға шабуыл жасап, қазір қамауда отырған 17 жастағы жасөспірімнің аты-жөні кәмелеттік жасқа толмағандықтан жарияланбай отыр.
Тәртіпсіздіктерге балалардың өлтірілуін радикал исламшыл жасаған лаңкестік әрекет деп есептейтін адамдар себеп болған деген болжам бар. Полиция әлеуметтік желілерде ұсталған адамның жеке басы туралы хабарламалардың көбі шындыққа жанаспайды деп отыр.
"Қазір қамауда отырған 17 жастағы жасөспірімге қатысты көптеген жалған ақпараттар тарап жатыр. Біз қамауға алынған адамның Ұлыбританияда туылғанын хабарлаймыз", – деді полиция.
Жергілікті ислам қауымдастығы бұл шабуылды айыптап, оның Саутпорттағы балалардың өліміне еш қатысы жоқ екенін айтты.
Саутпорттағы балаларға жасалған шабуыл дүйсенбі күні түстен кейін болды. Қарулы адам көшеден балалар спорт клубына кіріп, ондағы адамдарды, оның ішінде балаларды да пышақтай бастаған. 10 шақты адам ауруханаға жеткізілгені хабарланды. Шабуыл құрбаны болған қыздар ауыр жарақаттан ауруханада көз жұмды.
Қаза тапқан қыздар алты, жеті және тоғыз жаста.