"Лас ойыныңызға араластырмаңыз": Харассмент үшін депутат мандатынан айырылған Асқар Садықов мәлімдеме жасады
Харассмент жасағаны үшін партиядан шығарылып, депутат мәртебесінен айырылған Асқар Садықов мәлімдеме жасап, Азат Перуашевтің сөздерін жоққа шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/askar_sadykov
Экс-депутат БАҚ беттерінде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және мұның "Ақ жол" демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың өзіне жасаған қастандығы екенін айтты.
“Соңғы жағдайларға байланысты мені партиядан шығарып, депуттатық мандатымнан айырды. Мен халық және мемлекет мүддесі үшін заң аясында қызмет еттім. Ешқашан билікке ұмтылған емеспін. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін маңызды. Мен – 6 баланың әкесімін. Азат Перуашевтің маған қатысты мәлімдемесіне жауап бергім келеді. Мені өзіңіздің лас ойындарыңызға және манипуляцияңызға араластырмаңыз! Енді үнсіз қалмаймын. Мұндай мәлімдеме партия басшысының деңгейіне сай емес. Десе де, Азат Перуашев бірнеше рет халықты жаңылыстырған еді. Бұл оның жұмыс істеу стилі болса керек”, – дейді Асқар Садықов.
Бұрынғы депутаттың айтуынша, Азат Перуашев осылайша орынбасарының жемқор екенін жасырып қалу үшін, халықтың назарын басқаға аударғысы келді.
“Азат Перуашев, егер мені партиядан шығарғыңыз келсе, менің абыройыма нұқсан келтірмей, басқа дәлел ұсынсаңыз болар еді. Бірақ өкінішке қарай сізде ол да жоқ. Тіпті, мұндай келеңсіз жағдай расымен болған күннің өзінде сіз мамыр айында бұл мәселені менімен және партия өкілдерімен талқылайтын едіңіз. Біріншіден, менен әлі күнге дейін түсініктеме алынған жоқ. Екіншіден, партия басшылығы бұл жайт туралы маған айтпады. Үшіншіден, бұл мәселе Мәжілістің тәртіптік кеңесінде талқыланған жоқ. Сіздің мәлімдемеңізді оқып мен да барша қазақстандықтар сияқты таңғалып отырмын. Бұған дейінгі жалған мәлімдемелеріңіз туралы отандық БАҚ біледі. Азат Перуашев өзінің орынбасарының жемқорлығын жасырып қалмақ болып, осы ақпаратпен халықтың назарын аударды. Азат Перуашев, сіз өз мақсатыңызға жеттіңіз”, – деді экс-депутат Асқар Садықов.
Еске салайық, бұған дейін 29 тамызда Орталық сайлау комиссиясы “Ақ жол” демократиялық партиясының ұсынуымен мәжіліс депутаты Асқар Садықовты мандатынан айырғанын жаздық. Ал партия жетекшісі Азат Перуашев өзінің Telegram-арнасында бұл шешімге “Асқар Садықовтың депутаттық мәртебеге келмейтін әрекеттері негіз болғанын” айтты.
Сондай-ақ бұрынғы депуттатың харрасмент жасағаны белгілі болды.