Белгісіз біреулер қарағандылық оқушыларды атып өлтіретінін айтып жұртты дүрліктірді
Қарағандыда полиция мектепте лаңкестік әрекет жасаймыз деп хабарлама таратқандарды іздеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Telegram желісінде тараған ақпаратта “10 ақпан күні Қарағанды мектептеріндегі балаларға оқ атамыз” делінген. Мұны көрген желі қолданушылары хабарламаның рас-өтірігін біле алмай әлек.
Полиция қызметкерлері жазба авторларын іздестіріп жатыр. Сондай-ақ олар мұндай жалған ақпараттың Қазақстанның кейбір қалаларында және көршілес мемлекеттерде де таралып жатқанын мәлімдеді. Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын үрейге бой алдырмауға шақырды.
“Бүгінде бұл ақпаратты таратқандарды анықтау мақсатында құзырлы органдармен бірлесіп жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектептерге бейнебақылау камераларын орнатып, полиция жасағын арттырып жатырмыз. Жыл басынан бері осындай жалған хабарламалар көрші мемлекет пен Қазақстанның бірқатар қалаларында тараған. Бұл ақпаратты таратудағы мақсат – халық арасында дүрбелең тудыру. Азаматтардан арандатушылыққа бой алдырмай, сабыр сақтауды сұраймыз! Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында”, – деп мәлімдеді полиция.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе қаласында бәз біреулер мектепте атыс шығарып, балаларды атып өлтіретінін хабарлаған еді. Кейін осы тектес хабарлама Павлодар қаласында да тараған.