Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Лаңкестерді халық қаһармандары деп атауға болмайды": Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысты ақпараттар толық жарияланатынын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысты мәлімдеме жасап, тергеу нәтижелері Қазақстан халқынан жасырын қалмайтынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қаңтардағы қайғылы оқиғаға қатысты тергеудің алдын ала нәтижелеріне тоқталған мемлекет басшысы қазіргі уақытта ауқымды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

"Әзірге қандай да бір қорытынды жасауға ерте. Бұл өте қиын жұмыс. Тергеу шаралары жабық есік жағдайында жүргізілуде, өйткені бұл өте жауапты іс. Тергеу біраз уақытты алады. Біз халықтан ештеңе жасырмаймыз", – деді мемлекет басшысы Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар мемлекет басшысы қарақшыларды батыр деп айтып жатқандар да бар екенін алға тартты. Сондықтан тергеу жұмыстары өте мүқият жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Бұзақылар туралы мәселеге келсек. Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл –  ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет", – деді президент Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында. 

Тоқаев жасалған әрекеттер өзін мемлекет басшысы ретінде орнынан түсіруге бағытталған болуы мүмкін екенін де жасырмады.

"Бәлкім, бұл Ресейдің барлау қызметінің көзқарасы шығар. Бұл рас та болуы мүмкін. Олар біздің еліміздегі оқиғаларды мұқият бақылап отырады ғой. Қалай десек те, арнайы жасақталған қарулы бандалар билікті басып алғысы келді. Сондықтан, шетелдік сарапшылар айтқан пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Дегенмен барлығына байыппен қарап, салмақты баға беру қажет. "Сабыр түбі – сары алтын" деп халқымыз бекер айтпаған. Бізге керегі – асығыс шешім шығарып, істі жауып тастау емес, міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізу. Бұл – менің алдыма қойған мақсатым", – деді президент. 

Талқылау