Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрмет Талапқазы: Анамды сағынғанда шекараны кесіп өткім келді, бірақ Қытайдың заңынан қорықтым

Құрмет Талапқазы қуаңшылық болғанда қол қусырмай қарашаға көмектескен. Жас белсенді жеке өмірі, ата-анасы, келешектегі жоспарлары туралы айтты. Маңғыстау, Қызылорда облыстарында қуаңшылық болғанда шөп орып, асарлатып көмектескен Құрмет қазір не істеп жүр? Ел аралап кімдермен кездесті? Бұл жайлы өзі айтып берді.

Бұл туралы “Қасқа жол” арнасында айтылды.

Шымкент тұрғыны Құрмет Талапқазы құрғақшылықтан зардап шеккен фермерлерге шөп тасып, көптеген қазақстандықтарға үлгі болды. Құрмет жұмысынан бөлек ата-анасы, оларға деген сағынышы туралы да айтып, жан сырын ақтарды.

“Мен тағы да айтамын. Мен жеке басымның жұмысы үшін жүрген жоқпын. Маған хайп керек емес. Мен көпке көмегім тисе деп жүрген азаматпын. Кей адам ызама тиеді. Небір сөз айтады. Сенің тілің де таза емес, қазақсың ба өзі деп тиіседі? Мен орыс тілін қосып сөйлемеймін. Сондықтан шығар. Енді бір жеке бас пайдасы үшін деп шығады. Қуаңшылық болғанда қырылған малға көмегім болсын дедім. Шөп жетер жеріне барып жатыр ма? Қолжетімді бағада сатылып жатыр ма? Арнайы комиссия құрылып, осы мәселені шешу керек. Шөп елімізде 100 теңге болса, шетелге 50 теңгеге сатылып жатыр. Бұл өте ұят мәселе. Мұны қолға алу керек”, – деді Талапқазы. 

Айтуынша, өзі Алтай жерінде туып-өсіп, мектеп бітірген соң Атажұртына қоныс аударған. 3 жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алған. Қазір Шымкент қаласында пәтер жалдап тұрады. 



“Менің басымда баспанам жоқ. Маған баспана керек емес. Қазақ даласы менің жерім, менің үйім. Маған сол жетеді. Бізге қолғабыс көрсетіп, ақша аударған азаматтар бар. 300 мың аударды, 150 мың аударды. Құрылысшы жігіттер 150 мың аударды. Оның жартысы жаратылды, жартысы бар. Әрі-бері жол-тамағымызға жұмсалып жатыр”, – деді ол. 

Белсенді жақында Грэмми сыйлығын алған Иманбекпен кездескенін еске алды. 

“Мен онымен арнайы кездескен жоқпын. Оның Иманбек екенін де білмейді екенмін. Көлік алып жатыр деген соң құшақтап құттықтадым. Бір қазақтың баласы екен дедім. Қасымдағылар Иманбек екенін айтты. Кейіннен оған жағдайды түсіндіріп, шөп мәселесінде көмек керек екенін айттым. Ол көмек беремін деді. Алайда содан кейін хабарласпай кеттік”, – деді Құрмет Талапқазы. 

Белсенді ата-ана, туыс-бауырларының Қытай жерінде қалғанын айтады. Сағыныштан сарғайғанда анасын көру үшін шекараны кесіп өтуді ойлаған екен. Алайда Қытай заңынының қатаңдыынан қорыққан. 

“Мен Шығыс Қазақстанға барғанда әрі қарай Қытайға аттанып кетсем бе екен дедім. 30-40 шақырымдық жол. Алайда шекара жабық болғандықтан бел шешпедім. Біздің ел кеңшілік жасауы мүмкін, бірақ Қытайдың заңы қатал. Анам ауырып қалған еді. Маған келсеңші деп хабарласты. Менің қолымнан ештеңе келмеді. Шарасыз күйде қалдым. Қазір анамның жағдайы оңалып қалды. Аллаға шүкір. Жол ашылса, осында көшіп келеді деп отырмын. Қазір шекара жабық. Ата-анама жете алмай жүрмін. Жоғары жаққа хат жазып, жеңілдік беруін сұрап көрем”, – деді белсенді. 

Құрмет Талапқазы болашақта қайырымдылық қорын ашып, көпке көмек көрсетуді жалғастырамын дейді. Ақылы оқуға түскенімен, ол оқудан шығып қалған. Қазір кішігірім сауда жасап, күн көріп жүр. 

Талқылау