Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құран кітабы бар деп айттық": Шымкенттегі кітапхана қызметкерлері мәдениет үйін қалай қорғап қалғандарын айтты

Шымкенттік кітапхана қызметкері жаппай тәртіпсіздіктер кезінде мәдениет үйін өртемек болған бүлікшілерді қалай райынан қайтарғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Бүлікшілер 6 қаңтар күні Шымкенттегі дүрбелең ошағында орналасқан әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасына да өрт қоймақ болған. Ғимаратқа тас атып, ішке кірмекке әрекет жасағандарды кітапхана қызметкерлері оларды әрең райынан қайтарған. Дегенмен соның өзінде ереуілшілер кітапхана тиесілі көлікті бензин қойып өртеп кеткен. Онымен қоймай, кіреберістегі камераны, терезені таспен атқылап сындырған. Бұл әрекеті бейнежазба қондырғысына да түсіп қалған.  

Кітапхана инженері Қайрат Балқыбековтый айтуынша, көздері қанталаған, бойларын ашу-ыза кернеген жастарды ымыраға шақыру оңай болмапты.

“Күзетшіміз хабарласып, жағдайды айтты. Оның сөзінше, жастар кітапхананы өртемек болған. Арасында жап-жас балалар да бар көрінеді. Содан кейін олардың алдына шығып, кітапхана киелі мекенін екенін түсіндіріп, мұнда Құран кітабы сақталғанын айттық. “Мұсылмансыңдар ғой, бұларың болмайды” деп едік, сөзімізге иланды”, – дейді ол. 

Кітапхана күзетшісі Жансейіт Шыналиев 6 қаңтарда түнгі сағат 10-дарда басталған дүрбелең таңға дейін жалғасты дейді.

“Қолдарында темір, ағаш, тастары болды. Сонымен көп адамдарды жарақаттады, кітапханамыздың терезесін сындырды. Кітапхананың кітап таситын көлігін өртеп жіберді”, – дейді кітапхана қызметкері. 

Айта кетсек, бұған дейін Шымкентте жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар деген күдікпен 3,5 мыңнан астам адам ұсталғаны айтылған еді. 

Талқылау