«Ағайынды төртеу» лақап атымен белгілі Еркін Ізбасардың бір жыл бойы жуынбағаны айтылды
Ақтөбеде «Ағайынды төртеу» лақап атымен белгілі Еркін Ізбасар және оның көмекшісі Қалиевке қатысты сот отырысы басталды. Сот отырысы кезінде Еркін Ізбасардың 1 жыл бойы далаға шықпағаны, жуынбағаны туралы айтылды.
«Ағайынды төртеу» лақап атымен белгілі болған Еркін Ізбасаров өткен жылдың қараша айында ұсталды. Арада бір жыл өткенде прокурорлар тергеу жұмысын аяқтап, істі сотқа жіберді. Бүгін алдын ала тыңдау кезінде сотталушылардың аты-жөндері мен тұрғылықты жері, отбасы туралы мәлімет анықталды. Көбі үйленген, балалары бар. Қылмыстық топ мүшелерінің басым бөлігі Ақтөбе облысының Байғанин ауданында тұрады. Барлығы 26 сотталушы, 12 жәбірленуші бар. Жәбірленушілердің көбі кәсіпкер, мұнай компаниясы. Сонымен қатар, Инвестиция және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің өкілі жәбірленуші болып сотқа қатысып жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
«Мен сотта ұлым Еркін Ізбасардың құқығын қорғаймын. Ол 1997 жылы жол апатына түсіп, І топ мүгедегі болып қалды. Ол арбаға таңылған. Өткен жылы қамауға алынып, денсаулығы нашарлап кетті. Қазір Теміржол ауруханасында жатыр. Ұсталғаннан бері жарық көрген жоқ, жуынбады. Бұл жерде Еркін Ізбасардың құқығы қорғалмай отыр», — деді Мейрамхан Ізбасар.
Іс материалына сүйенсек, қылмыстық топ 2014-2016 жылдары аралығында мұнай ұрлап, жалған құжат жасатып, сатумен айналысқан. Сонымен қатар, заңсыз қару сақтады, ұстады деп айыпталып жатыр.
Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу», «Ұрлық», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», «Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу» баптары бойынша айып тағылды.
КТК арнасының мәліметінше, сот ғимараты толық қоршауға алынып, маңына ешкімді жолатпайды. Тіпті сол көшедегі көлік қозғалысы тоқтатылды. Ал сот ғимаратына тек жәбірленушілерді, айыпталушылардың адвокаттары мен жақындарын тексеріп кірзігіп жатыр. Ал тілшілер тек арнайы экраннан ғана процессті бақылайды. Судьяның алғашқы сұрағына «Ағайынды төртеудің» серкесі Еркін Ізбасар жауап бергісі келмеді. Басының ауырып отырғанын сылтауратып, артынша осы күнге дейін өзін жөнді тергемегенін айтты.
Басым ауырып тұр. Жыл болды, бірде-бір жауап алған жоқ. Не үшін отырғанымды білмеймін.
Еркін Ізбасардан өзге бұл топтағы тағы бір танымал адам – Рахат Аханов. Ол сыбайласына қарағанда сөзден мүдірмеді.
Сот процесінде бұрын атқарған қызметін айтып берді. Қамалғанға дейін білдей Ішкі істер министрлігінде криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары болған. Қылмыстық топ мұнай ұрлаған кезде Ақтөбедегі Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары да болып істеді. Сол тұста олардың қылмысына көз жұма қараған. Айыптаудың өзі бірнеше томнан тұрады. Үш бірдей прокурор кезектесіп оқып жатыр. Содан ұққанымыз – Еркін басқарған топ қару-жарақты еркін сатып алып жүрген. Кәсіпкерлерді қорқытқан. Қара алтын ұрлаған.
Бұған дейін Ақтөбеде арнайы операция жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік. Кейінірек жағдайға қатысты ҰҚК түсініктеме де берген. Ақтөбедегі мұнай ұрлығын салафиттерге қатысы бар қылмыс әлемінің атышулы серкесі басқарғаны хабарланды.
Тағы да оқыңыз:
Шаштаразшы жігіт гейлерден өш алу үшін серіктестеріне әдейі дерт жұқтырған
Алматыда тәулік бойы тегін жұмыс істейтін сырғанау алаңдары ашылады
Мәжілістің вице-спикері: Қазіргі БАҚ-тан кімнің кімге күйеуге шыққанын оқудан шаршайсың