Квадробер болу күнә ма: Діни басқарма жауап берді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Елбек Тасболатұлы мүфтияттың квадроберлерге қатысты ұстанымы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BES.media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Коллаж Stan.kz
Діни басқарма өкілі квадроберліктің исламдық нормаларды бұзу екенін баса айтты. Оның айтуынша, мұндай әрекеттерге шариғатта тыйым салынған.
Тасболатұлы квадроберлердің әрекеті Алланың Құранда айтқандарына қайшы келетінін атап өтті.
"Алла Тағала Құрандағы "Исра" сүресінің 70-аятында: "Расында, біз адамды құрметті, қасиетті қылдық", – деген. Бұл жаратылыстың ең ардақтысы, ең абыройлысы – адам дегенді білдіреді. "Әт-Тин" сүресінде: "Біз адамзатты ең кемел етіп жараттық" делінген. Сырт келбетіміз, аяқпен жүруіміз – Алланың бізге берген сыйы", – дейді мүфтият өкілі.
Діни басқарма өкілі "Ниса" сүресінің 119-аятына сілтеме жасай отырып, шайтанның мұсылмандарды қалай адастыруға тырысатынын да атап өтті.
"Ниса сүресінің 119-аятында Алла Тағала шайтанның адамзатты "Мен адамзатқа Алланың жаратылысын өзгертуді бұйырамын" деп азғыратынын баяндайды. Бұл аяттан біз квадроберлердің жануарларға еліктеп, дініміз тыйым салған әрекеттерді жасайтынын аңғарамыз. Бұл Алланың адам баласын қасиетті еткеніне қайшы келеді", – дейді Елбек Тасболатұлы.
Журналистің исламда мұны харам деп санауға бола ма деген сауалына мүфтият өкілі “харам емес, тыйым салынған әрекет” деп жауап берген.
Квадроберлер – бетперде мен құйрық киіп, жануарлардың әдеттері мен іс-әрекеттерін қайталайтын адамдар тобы. Негізінен жасөсіпірімдер арасында танымал. Кейбіреулер жануарлардың қозғалыстарын қайталау бұлшықеттерді дамытатытын алға тартып, квадроберлікті спорт түріне де жатқызады.
Еске салсақ, бұған дейін Өзбекстанда квадроберлерге айыппұл салынатыны туралы жазған едік.