Соңғы жаңалықтар

"Күйеуім анда-санда келіп тұрады, ішіп кетеді": Алматы облысында 5 балалы ана халықтан көмек сұрайды

Осыдан бірнеше күн бұрын желіде 5 баласын жалғыз асырап отырған, көмекке мұқтаж Қарлығаш есімді әйел жайлы ақпарат жарияланды. Алматы облысында Дәулет ауылында тұратын жалғызбасты ана ескі пәтерді жалға алып тұрады. Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Қарлығаш Нүсіповамен хабарласып, жағдайын білді. 

Қарлығаш 45 жаста, 5 баласы бар, бәрі мектепте оқиды. Үйдің үлкені 15 жаста, кішісі 4-те. Анасы жұмыста болғанда балалары бір-бірін қарайды.

Балалардың әкесі ішімдікке салынып, отбасын тастап кеткен. Қарлығаштың көпбалалы ана ретіндегі көмекақысы 52 000 теңге. Ол өзі жалдамалы жұмысшы. Қара жұмыс істеп күнделікті ақысын алады.

"Туғаннан бері Талғар ауданында тұрамын. Қазір екі жерде: жылыжайда және егінде жұмыс істеймін. Екі-үш жылдай жалдамалы пәтерде тұрып жатырмыз. Осыған дейін әр жерде пәтер жалдап тұрдық. Үйім жоқ болған соң, әрі-бәрі пәртерден пәтерге ауысып жүрміз. Қай жерде пәтер бар сонда барамыз", - дейді әйел. 

Таңертең жұмысқа 7-де кетіп, 5-те келетін жалғызбасты ананың жалақысы 60-70 мың теңге. 

"Күйеуім анда-санда келіп тұрады бала-шағасына. Ішіп кетеді. 5 балаға 52 000 теңгедей ақша аламын. 

Балаларым Дәулет ауылының мектебінде оқиды. Үлкенім -15 жаста, 9-сыныпты бітіріп жатыр, кіші балам - 4 жаста, дайындық сыныпқа биыл барады. Қалғандары оқиды. Балаларды қыздар қарайды: таңертең түсте оқитын қыз қарайды, түсте таңертең оқитыны қарайды. Арасында орыс көршім бар, сол көмектесіп қарап кетеді, тамақтарын беріп", - дейді ол.

Қарлығаштың айтуынша, елге жағдайын айтып, көмек сұрауды келіні ұсынған.  

"Келінім келген, тәте, сізді шығарайық, көмектесетін шығар деп". Туыстарым анда-санда бір көмектеседі. Әкем бар, көзі көрмейді, кейде көмектесіп тұрады, зейнетақысын алғанда. Қазір заман қандай екенін білесіз ғой, әркімнің өз отбасы бар", - дейді ол. 

Жалғызбасты ананың айтуынша, фотодағы пәтер үшін ол айына 10 мың теңге төлейді.

"Әкімдікке төрт-бес жыл бұрын барғанмын. Жер жоқ, ештеңе бере алмаймыз деген соң, қайта барған да жоқпын", - дейді Қарлығаш Нүсіпова. 

Сөз соңына көпбалалы ана теледидарға шыққысы келмейтінін, балалары ұялатынын айтып, бір күрсінді. 

 

Дайындаған: Назерке Мұса

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр