"Түрмеге отырғызып, мүлкімді бөліп алмақ": Бишімбаев бұрынғы әйелі мен Байжановты cөз байласып өзін тонады деп айыптады
Бишімбаевқа қатысты сот отырысында Бишімбаев Байжановтың өзін бопсалағанын, түрмеге отырғызып, мүлкін бұрынғы әйелі Назыммен бөліп алмақ екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото Жоғарғы сот
Адвокат Бишімбаевтан Байжановқа не үшін қарғыс туралы бірдеңе айтқанын сұрады.
"Мұндай әңгімелер айтылды. Салтанат екеуіміз некеде болған кезде мен оған жүріп-тұруға көлік бердім. Ал жазда ажырасқанда Байжановтан Алматыға барып көлікті алып келуін сұрадым. Байжанов сол кезде көлікті қалай әкелгенін білсеңіздер, менің бұрынғы әйеліммен бірге айдап келді. Сен менің әйеліммен келісіп алып, маған күйе жағып, түрмеге отырғызып, кейін мүлкімді бөліп алуды жоспарладың ба? Менің ата-анам тұратын пәтер де Байжановтың атына жазылған. Осыған дейін жеттің бе? Мүлдем ұялмайсың ба? Сен оразаңды ұстап жүрген иманды адам емессің бе, бұл саған және балаларыңа қарғыс болып тиеді. Ол менен випке бірнеше рет кіргенімді көрсетпеуімді өтінді. Бұрынғы әйелім Назым менің ата-анамды бопсалайды, балаларды көрсетпейді”, – деді Бишімбаев.
Судья осы тұста істің тек тағылған айыптар көлемінде қаралатынын жеткізді.
Айта кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында әйелін өлтірді деп айыпталып отырған Бишімбаевқа қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Бүгін екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов тергеу изоляторында оған Бишімбаевпен кездестіру ұйымдастырылмақ болғанын мәлімдеді.