"Күнбағысқа ұқсамай, күннің бейнесін беруі керек": Қырғызстанда туға өзгеріс енгізу туралы заң қабылданды
Қырғызстанда парламент депутаттары елдің мемлекеттік туындағы күн сәулесінің пішінін өзгертуді ұсынатын заңды үшінші оқылымда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Түзетулерді 59 депутат қолдап, бесеуі қарсы дауыс берді. Дауыс беруден кейін құжаттың бастамашысы депутат Нұрланбек Шәкиев әріптестерін құттықтады.
"Құрметті депутаттар! Жаңа ту құтты болсын! Бұл өзгеріс емес, бұл өңдеулер. "Аңызға айналған парламент" туралы үнемі айта берудің қажеті жоқ. Әр кезеңнің өз аңызы бар", - деді ол.
Бұған дейін депутаттар тудағы сәулелердің пішінін толқындыдан күн сәулесін анық еске түсіретін пішінге өзгертуді ұсынған болатын.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та қоғамда мемлекеттік тудың күнбағысқа ұқсайтыны және осының аясында түрлі пікірлердің қалыптасқанын атап өтті.
Садыр Жапаров туға өзгеріс енгізу өз идеясы екенін мойындады. Ол Парламент спикерінен заң жобасына бастамашылық етуді сұрады.
"Ту күнбағысқа ұқсамай, жарқыраған күннің бейнесін беруі керек",- деді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиев.
Еске салсақ, бұған дейін Бішкекте ел туының өзгеруіне қарсы наразылық шеруі өткені туралы хабарлаған болатынбыз.