Кубада жанармай қоры түгелдей таусылды

Кубаның энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі Висенте де ла О Леви елде жанармай қоры түгелдей таусылғанын мәлімдеді. Гавана қаласында азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы жағдайды одан сайын қиындатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Әлемдік БАҚ хабарлауынша, Куба АҚШ енгізген шектеулер күшейгеннен кейін мұнай импорттай алмай, қиын жағдайға тап болған. Соның салдарынан елде электр энергиясы жиі өшіп, соңғы онжылдықтардағы ең үлкен энергетикалық дағдарыс басталған.
Энергетика министрі Висенте де ла О Леви елде жанармай да, дизель де қалмағанын айтты.
Министрдің айтуынша, Кубаның ұлттық энергетикалық жүйесі қазір өте ауыр жағдайда тұр. Сондай-ақ ол елде ешқандай қор қалмағанын ашық мойындады.
“Осы аптада елде жарық жиі өшіп жатыр. Гавана қаласы мен маңайында электр жарығы күніне тек 2-4 сағат қана беріліп, қалған 20-22 сағат бойы жарықсыз отыратын күнге жетті”, – деді ол.
Ел астанасында азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы жағдайды одан әрі қиындатып отыр.
АҚШ Кубаға мұнай жеткізетіндерді санкциямен қорқытты
Куба энергетика министрі Висенте де ла О Левидің айтуынша, қазір елдің электр жүйесі тек өзінде бар мұнай, табиғи газ және жаңартылатын энергия көздерімен ғана жұмыс істеп тұр.
АҚШ тарапынан енгізілген шектеулерге қарамастан, Куба жанармай импорттау бойынша келіссөздерді жалғастырып жатыр. Бірақ әлемдік нарықта мұнай бағасының өсуі бұл процесті одан әрі қиындатты.
“Соңғы екі жылда елде күн панельдері орнатылып, олар шамамен 1300 мегаватт электр энергиясын өндіре алады. Алайда жанармай тапшылығы жағдайында энергетикалық жүйенің тұрақсыздығына байланысты бұл қуаттың бір бөлігі толық пайдаланылмай отыр”, – дейді министр.
Кубаға соңғы рет жанармай желтоқсан айында жеткізілген. Бұрын негізгі мұнай жеткізушілердің бірі Венесуэла болған, бірақ елдегі саяси жағдайдан кейін экспорт тоқтаған.
Дональд Трамп қаңтар айында Гаванаға жанармай жеткізетін кез келген елге санкция салатынын айтып, ескерткен.
"Коммерсант" дерегіне сүйенсек, АҚШ Ресей мұнайының жеткізілуіне кедергі келтірмеген: 30 наурызда "Анатолий Колодкин" танкері 100 мың тонна шикі мұнаймен Кубаға жеткен, бірақ бұл отын тек сәуір айының соңына дейін ғана жеткен.
Висенте де ла О Леви 13 мамыр күні "бізге жанармай сатқысы келетін кез келген елмен жұмыс істеуге дайынбыз" деп мәлімдеді.
Гавана қаласында ұзаққа созылған жарық өшулеріне байланысты наразылық акциялары өтті. 13 мамыр кешінде жүздеген ашулы тұрғындар қаланың орталықтан алыс аудандарында жолдарды қоқыс үйінділерін өртеп жауып тастаған. Олар "Жарықты қосыңдар!" және "Біріккен халық ешқашан жеңілмейді!" деп ұрандатқан.
Сондай-ақ астананың әртүрлі бөліктерінде бейбіт наразылық топтары жиналды. Reuters мәліметінше, бұл акциялар соңғы энергетикалық дағдарыс басталғалы бергі ең ірі наразылықтардың бірі болған.
Ал өткен аптада БҰҰ АҚШ-тың Кубаға мұнай жеткізуге салған шектеулерін заңсыз деп атап, бұл шаралар Куба халқының даму құқығын бұзып, азық-түлік, білім, денсаулық сақтау, су және санитарлық жағдайға қол жеткізуіне кері әсер етіп отырғанын мәлімдеді.
Бұған дейін мұнайдың әлемдік қоры рекордтық қарқынмен сарқылып жатқаны туралы жазған едік. S&P Global Energy және Goldman Sachs аналитиктері сәуір айында әлемдік мұнай қоры сұраныстың төмендеуіне қарамастан 200 миллион баррель азайғанын мәлімдеді. Қордың азаюына АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы салдарынан шикізат бағасының қымбаттауы себеп болды.
"Кәрісің, бізге жастар керек дейді": Қазақстандықтар 35-40 жастан кейін жұмысқа тұра алмайтындарын айтып, шағымданды