Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"КСРО мәжбүрлеп енгізген елді мекен атауларынан құтылу керек": Дипломат қала атауларына қатысты ұсыныс білдірді

Қазақстанның Египеттегі, Алжирдегі және Тунистегі елшісі Қайрат Лама Кеңес Одағы мен Патшалық Ресей мәжбүрлеп енгізген елді мекен атауларынан құтылып, елордаға Астана атауын қайтаруды ұсынды. Бұл туралы дипломат өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қайрат Лама

Қайрат Лама Шариф алдағы уақытта өтетін референдум арқылы Конституцияға "Әкімшілік-аймақтық өңірлер" деген жаңа бап қосуды ұсынды. 

"Бұл бапты қосу арқылы Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы мәжбүрлеп енгізген елді мекендердің даулы атауларынан біржолата құтылуға болады. Алдымен, "облыс" қазақ тіліне орыс тілінен енген кірме сөз екенін мойындап, мемлекеттік тіліміздің тазалығын сақтау үшін әкімшілік-аймақтық құрылымды өңір деп жазуымыз қажет", – деді ол.



Сондай-ақ дипломат елдегі облыстар атауын келесідей етіп өзгертуді ұсынды:

1. Абай өңірі. Әкімшілік орталығы – Семей қаласы;

2. Ақмола өңірі. Әкімшілік орталығы – Көкшетау қаласы;

3. Ақтөбе өңірі. Әкімшілік орталығы – Ақтөбе қаласы;

4. Алмалы өңірі. Әкімшілік орталығы – Қонаев қаласы; 

5. Атырау өңірі. Әкімшілік орталығы – Сұлтан Бейбарыс қаласы;

6. Батыс Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Орал қаласы;

7. Жамбыл өңірі. Әкімшілік орталығы – Тараз қаласы;

8. Жетісу өңірі. Әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы;

9. Қарағанды өңірі. Әкімшілік орталығы – Қарағанды қаласы;

10. Қостанай өңірі. Әкімшілік орталығы – Қостанай қаласы;

11. Маңғыстау өңірі. Әкімшілік орталығы – Маңғыстау қаласы;

12. Оңтүстік Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Түркістан қаласы;

13. Сарыарқа өңірі (бұрынғы Павлодар облысы). Әкімшілік орталығы – Ертіс қаласы;

14. Солтүстік Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Абылай хан қаласы;

15. Сырдария өңірі (бұрынғы Қызылорда облысы). Әкімшілік орталығы – Байқоңыр қаласы (бұрынғы Қызылорда атауының орнына);

16. Торғай өңірі. Әкімшілік орталығы – Арқалық қаласы;

17. Ұлытау өңірі. Әкімшілік орталығы – Жезқазған қаласы;

18. Шығыс Қазақстан өңірі. Әкімшілік орталығы – Өскемен қаласы;

19. Астана қаласы;

20. Алма-Ата қаласы;

21. Шымкент қаласы;

Айта кетейік, бұған дейін Петропавл әкімі қала атауын өзгерту туралы петицияға қатысты пікір білдірген еді. 

Талқылау