Криштиану Роналду мен Джорджинаның қашан және қайда үйленетіні белгілі болды

Португалиялық жұлдыз футболшы Криштиану Роналду мен оның сүйіктісі Джорджина Родригестің көптен күткен тойы жақында өтуі мүмкін. The Sun басылымы жұптың некесі 8 тамызда қиылады деген болжам жасап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Басылымның мәліметіне сүйенсек, салтанатты рәсім Роналдудың туған жері – Португалиядағы Мадейра аралында өтпек. Нақтырақ айтқанда, Фуншал қаласындағы шіркеуде неке қию рәсімі жоспарланған. Ал қонақтарды қабылдау үшін аралдағы бес жұлдызды Savoy Palace қонақүйі алдын ала брондалған.
Сондай-ақ қонақүй келушілеріне жұма және сенбі күндері ғимараттың екі қабаты мен бірнеше демалыс аймағы уақытша жабылатыны ескертілген.
Айта кетейік, бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желілерде той 1 тамызда өтеді деген қауесет тарағанымен, кейін ол мәлімет расталмады. Тіпті Роналдудың әпкесі де тойдың нақты күні әлі белгіленбегенін айтқан еді.
Кейінгі күндері жанкүйерлер ерлі-зайыптыларды яхтада демалып жүрген кезде саусақтарындағы неке сақиналарына назар аударып, той туралы әңгімелерді қайта күшейтті.
Махаббат хикаясы қалай басталды?
Криштиану Роналду мен Джорджина Родригес 2016 жылы танысқан. Кең тараған нұсқа бойынша, олар Мадридтегі Gucci бутигінде жолыққан. Ол кезде Джорджина дүкенде сатушы болып жұмыс істеген. Алайда модельдің досы Пабло Будың айтуынша, олар шын мәнінде Opium түнгі клубында кездескен, ал Gucci туралы оқиға кейін қалыптасқан танымал аңыз ғана.
Жұп 2017 жылы қарым-қатынастарын ресми түрде жариялап, содан бері спорт пен шоу-бизнес әлеміндегі ең танымал отбасылардың біріне айналды.
Бес баланы тәрбиелеп отыр
Қазір жұп бес баланы тәрбиелеп отыр. Олардың екеуі – Джорджина мен Роналдудың ортақ қыздары Алана Мартина мен Белла Эсмеральда. Бұған қоса, футболшының үлкен ұлы Криштиану Роналду кіші және егіздері Ева Мария мен Матео да отбасымен бірге өсіп келеді.
Он жылға жуық уақыт ішінде олар бірнеше елге қоныс аударып, мансаптағы биіктерді де, өмірдегі ауыр сынақтарды да бірге еңсерді.
Қашан сөз байласты?
2025 жылғы тамызда Джорджина Родригес әлеуметтік желіде қымбат жүзіктің суретін жариялап, “Иә, келісемін. Осы өмірде де, барлық өмірімде де” деп жазып, екеуінің сөз байласқанын мәлімдеген еді.
Ал Роналду кейінірек үйлену тойын футболдан әлем чемпионаты аяқталған соң өткізуді жоспарлап отырғанын айтқан.
Әзірге 41 жастағы футболшы да, 32 жастағы Джорджина Родригес те 8 тамызға қатысты ақпаратқа ресми пікір білдірген жоқ. Соған қарамастан, жанкүйерлер әлемге әйгілі жұптың ақ көйлек пен классикалық костюмдегі алғашқы суреттерін тағатсыздана күтіп отыр.
100 жылқыны ұрлады деп жала жабылған ақтөбелік қария жалғыз үйінен айырылуы мүмкін
Оқыңыз