Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылық ер адам криптовалюта арқылы пайда табуға уәде берген блогерге алданып, ақшасынан айырылды

Алматылық ер адам редакциямызға шағымын айтып хабарласты. Ол желіде криптовалютамен пайда табуға көмектесемін деп, өзін трейдер ретінде таныстыратын Төлеген Базарбайұлына алданып қалғанын жеткізді. Сөзінше, табыс табудың жолын үйретемін деген желі маманы оған ақшаны екі есе көбейтіп беремін деп уәде берген. Сөзіне сенген азамат оған 280 мың теңге беріп, ақшасынан айырылған. Алаяқтықтың құрбанына айналған Махмұттың оқиғасын Stan.kz материалынан оқыңыздар.

Криптовалюта дегеніміз – цифрлық немесе виртуалды түрдегі валютаның кез келген түрі. Оған биткоин, альткоин, литкоин сынды валюта түрлері жатады. Бұлар банктің қатысуынсыз жүреді. Криптовалютадағы транзакцияларды қорғау үшін шифрлау қолданылады. 

Махмұт есімді ер адам 2023 жылы қазанда TikTok әлеуметтік желісінен Төлеген Базарбайұлының жарнамасын көрген. Онда ер адам криптовалюта арқылы қалай пайдаға кенелуге болатынын үйрететін курсы туралы айтыпты. Алматылық ер адам жарнама арқылы Төлеген Базарбайұлына байланысқа шығыпты. 

“Екеуміз жеке кездестік, ол маған пайда табатындай мүмкіндіктер сыйлайтынын және курстар өткізетінін айтты. 20 қарашада 220 мың теңге алды. “Екі апта күтсеңіз, содан кейін үйде отырып, күніне 20 мың теңгеден табыс табасыз” деді. Бірақ ешқандай курсты өтпеді, “әне өтеміз, міне үйретеміз” деп соза берді. Алғашында сөзіне сеніп, күтіп жүрдім. 10 желтоқсанда тағы кездестік. Ол кезде “криптовалютаны меңгеріп кету қиын болады, одан да ақшаны маған беріп отырыңыз, мен ақшаны 10-15 күнде екі есе көбейтіп беремін” деп тағы 60 мың теңге алды. Барлығы 280 мың теңге бергем. Осыдан кейін ол хабарсыз кетті, мені барлық жерден қара тізімге салып, хабарламаларыма жауап бермейтінді шығарды”, – дейді ол.



Сөзінше, онымен бірге тағы 5 адам осы Төлеген Базарбайұлына алданған. Алайда олар ақша сомасы ондай көп болмағандықтан, шу шығармапты. Десе де Махмұт алаяқтықтың құрбаны болғандар бұдан да көп болуы мүмкін дейді.

“Ол біздің сенімге кіру үшін танымал криптолог Мейірман Төленбайдың шәкіртімін, досымын деп айтты. Блогер Дархан Жолшыбековтің де досымын деген. Енді ақшамды қайтарсын деп осы кісілер арқылы шығайын дегенімде олар Төлегенді танымайтын болып шықты. Сонымен қатар өзін “Қара зере” компаниясында жұмыс істеймін деп таныстырған. Сол кеңсеге барып едім, ол бұрын жұмыс істеп, шығып кеткен боп шықты. Ол жақтағылар оны танымаймыз деп ақталды”, – деді алматылық азамат. 

Мейірман Төленбайдың YouTube арнасында “Мен 6 жыл ештеңе тапқан жоқпын. Криптовалюта” деген тақырыппен Төлеген Базарбайұлымен видеосы расымен жарияланыпты. Алайда Базарбайұлына қатысты шудан кейін бұл видео өшірілген.

Өкініштісі, алдады деп күдікке ілінген ер адам сол ісін жалғастырып жүрген көрінеді. Оның жарнамалары әлі желілерде тарап жүргеніне Махмұт қапалы. Ол полицияға арыз жазып барғанымен, іс аяқсыз қалады деп қорқады. Себебі полицейлер желіде мұндай алаяқтар көп екенін және бәрін бірдей жазаға тарту қиынға соғатынын айтқан.

Ер адам 5 ақпанда Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне арызданыпты. Stan.kz тілшісі осы іске қатысты полиция департаментіне сауал жолдады.

“Аталмыш дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімінде қылмыстық кодекстің 190-бабы “Алаяқтық” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

Chainalysis есебіне сәйкес, әлемде 2021 жылы криптовалюта бойынша алаяқтықтан 14 миллиард доллардан астам залал келген. 2022 жылы бұл 20,6 миллиард долларға жетті. Компания сарапшылары криптовалютаға қатысты алаяқтық көлемі жылына орта есеппен 7-10% өсетінін айтады.

Шетелдік сарапшылар криптовалюта саласындағы сенімсіздік туындатуы керек алаяқтықтың бірнеше белгілерін атап өтті:

  • Адамды асықтыру, ойлануға уақыт бермей, тез сатып алуға үгіттеу;
  • Қысқа мерзімде үлкен кірісті уәде ету;
  • Өте көп жарнамалау, яғни адам сенгісіз уәделерді жаудыру;
  • Түсіндірме жүргізбеу, схемалардың жасырын болуы.

Сондай-ақ криптовалюта саласында алданып қалмас үшін бірнеше кеңес береді.

“Криптовалюта арқылы пайда тапқыңыз келсе, ең алдымен сол саладағы ұғымдармен таныс болып, криптовалюта, биткоин, блокчейн туралы көбірек оқыңыздар, сол туралы талдау жасаңыздар. Әрі криптовалюталық компаниялардың беделін тексеріп, олар туралы қоғамның пікірін білу маңызды. Тек дәлелденген қызметтер мен криптобиржаларды пайдаланған жөн.

Сонымен қатар тәуекелге барарда да қадам-қадаммен әрекет етіңіз. Барлық қаражатты бір жобаға салудың қажеті жоқ. Әсіресе бұл салаға жаңадан келген болсаңыз, бірден көп қаражат табамын деген мақсат болмауы керек”, – делінген Chainalysis есебінде.

Талқылау