Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кредиттік рақымшылық" жасалды: Қаржы нарығын реттеу агенттігі қарыздарды кешіру туралы ақпаратқа түсінік берді

Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде "кредиттік рақымшылық" жүргізілді және қарыздардың барлық түрлері есептен шығарылды-мыс деген ақпарат тарап жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұның дәйексіз ақпарат екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды адастыру және олардың қаржылық жағдайын қиындататын әрекеттерге итермелеу мақсатында таратылатын ақпараттың дәйексіздігі туралы мәлімдеген.

Агенттік несиелер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарды қолдау үшін 2021 жылғы қазаннан бастап берешекті реттеудің бірыңғай міндетті тәртібі енгізілгенін атап өткен.

"Кредиттер бойынша мерзімі өткен жағдайда қарыз алушылар банкке немесе микроқаржы ұйымына өтінішпен жүгінуі қажет, онда олардың өтініші қаралады және проблемалық берешекті қайта құрылымдау шарттары ұсынылады.

Қарызды қайта құрылымдау шарттары: сыйақы мөлшерлемесін төмендету; төлемді кейінге қалдыру; өтеу әдісін өзгерту; қарыз мерзімін ұлғайту; мерзімі өткен негізгі борышты және (немесе) сыйақыны кешіру, тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл), қарызға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді жою және т. б. түрінде болуы мүмкін", - делінген бейсенбі күнгі ақпаратта.

Мәліметке сәйкес, егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол кредитордың жауабын алған күннен бастап 15 күн ішінде Агенттікке жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтінішін растауды және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеуді міндетті түрде ұсынуға тиіс.

"Берешекті реттеу туралы шешім қарыз алушының қаржылық жай-күйін және оның қаржы ұйымы алдындағы міндеттемелерін орындау жөніндегі мүмкіндіктерін терең талдау негізінде жеке тәртіппен қабылданады", - дейді агенттік.

Агенттік өкілдері сонымен қоса азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарынан дәйексіз мәліметтерге сенбеуді және ақпаратты тек ресми және тексерілген дереккөздерден алуды сұрайтынын жеткізген.

Талқылау