Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кредит алуға мәжбүр болдым": "Жын кірді" деген сарбаздың анасы жанайқайын жеткізді

Әлеуметтік желіде "ішіне жын кіріп кетті" деп таралған 18 жастағы сарбаздың анасы баласының әскерге барар алдында дені сап-сау болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Экспресс К порталына сілтеме жасап.

аскер сарбаз

Сарбаздың анасы Айзада Доспанованың айтуынша, баласының соңғы 4 жылда денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған. 

Қызылорда облысы Сырдария ауданы Айдарлы ауылының тұрғыны Айзада Доспанова алты баланың анасы. Оның айтуынша, баласы Саят әскер қатарына өтпес бұрын үш рет медициналық тексеруден өткен. 25 қыркүйек күні әскерге алынған. Содан төрт күн өткеннен кейін ауырған. 

“Хабарды естіген бойда Алматы облысы Үшаралдағы шекарашылар әскери бөліміне тарттым. Жолға қаражатым болмағандықтан, сіңілімнің атынан кредит алуға мәжбүр болдым”, – деді анасы Айзада Доспанова.

Оның айтуынша, 4 қазан күні Үшаралдағы әскери бөлімге барған кезде ондағылар "балаң мұнда жоқ" деп, ішке кіргізбестен қайтарып жіберген. Сондай-ақ сол жерде елордадан келген жоғары шенді офицер "балаң Алматыда, госпитальда жатыр, сол жаққа бар" деп айтқан.

“Үшаралдағы әскери бөлім қақпадан қайтарды. Басқа барар жерім болмаған соң өз қалтамнан қаржы шығарып, сол маңнан қонақүй жалдап жаттым”, – деді Айзада Доспанова.


"Денсаулығы жараса да, жарамаса да әскерге алып кетеді": Жұртты шулатқан сарбаздың видеосы жайлы имам мен психолог пікір білдірді


Барар жер, басар тауы қалмаған Саяттың анасы баласы қызмет еткен әскери бөлімдегілерден ешқандай маман байланысқа шықпағанын айтып ашынды. Алғашқы хабардың өзін ғаламтор мен әлеуметтік желілерге таралып кеткен видеодан көрген.

“Балам кеше дәрігерлердің телефонынан хабарласты. "Бүйткен армиясы құрысын" деді. Уайымдап жүрегім ауырып отыр”, – дейді анасы Айзада Доспанова.

Оның айтуынша, дәрігерлер балаға қандай дәрі беріп, ем-дом жасап жатқаны туралы ештеңе айтпаған. 

“Дәрігерлермен сөйлескенімде баланың диагнозы белгісіз, арнайы комиссия шешеді, оған дейін бала бізде болады. 25 қазан күні баламды өздері ауылға апарып береміз деген”, – дейді Айзада Доспанова.

Сондай-ақ Саят анасына жанында әскери борышын өтеп жатқан тағы бір қызылордалық сарбаз да әскерден бас тартып, үйге қайтқысы келетінін айтқан. 


"Жын кіріп кеткен": Қазнет қолданушылары әскерге шақырылған сарбаздың ерсі мінез-құлқын талқылауда


Саяттың анасы Айзада Доспанова әскерде бар болғаны 4 күн ғана борышын өтеген баласының алдағы тағдырына алаңдап отыр. Себебі ол өзінің фото, видеосының ғаламторға таралып, бүкіл елге тарап кеткендігінен бейхабар дейді.

“Басқалардың күлкісіне қалып, шыдамай балам өзіне қол салса, қайтемін? Видеоны түсіргендерді сотқа тартамын. Баламның денсаулығында кінәраты болса, тексеруден неге өткізген? Неге әскерге жарамды деп шешім шығарған?”, –  деді анасы Айзада Доспанова.

Талқылау