Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көзі ашық, өсекке жоқ": Данагүл Темірсұлтанова енесін не үшін сыйлайтынын айтты

Данагүл Темірсұлтанова ене мен келін тақырыбында ой бөлісті. Актриса өз енесімен қарым-қатынасы және болашақ келініне қояр талаптары жайлы "Алматы" арнасының Paparazzi бағдарламасында айтты, деп жазады Stan.kz.

"Енелер әртүрлі болады ғой. “Мен енемін, менің айтқаным дұрыс, сен менің дегеніме көнуің керек" дегенге қарсымын. Болмаса "мен ұлыңыздың әйелімін, мен жалғызбын" деген сөзге де, ондай тайраңдаған келіндерге де қарсымын. Отбасында гармония болуы керек", – дейді Данагүл Темірсұлтанова.

Актрисаның пайымынша, адам өзі жақсы болса, сөзі, ниеті түзу болса, оған бұл өмірде жақсы ене кездеседі.

"Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білсең, неге оған жаман ене кездесуі керек? "Келинка тоже человек" фильмінде ененің рөлін сомдадым ғой, сол кезде "осындай енелер бар ма?" деп өзім шок алғанмын. Одан да бетері бар дегенде Құдай сақтай гөр деп айтқанмын", – дейді актриса.

Тамара Асар: Аяғым жұлынып аспанға ұшқанда, адам баласының көзіне көрсетпегенмін


Темірсұлтанова жас кезінде театрда келіндердің рөлін сомдаса, кейінгі кезде ене образында шығып жүр. Ол өзі ойнаған енелердің өмірдегі шын енесіне еш ұқсамайтынын айтады. 

"Аллаға шүкір, менің ойнап жатқан енелеріммен менің енемнің үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған адам. Сөзге көп жоқ. Ер мінезді, өсек айту, біреуді жамандау деген жоқ. Сол үшін ол кісіні жақсы көремін, екеуміз жақсы тіл табысамыз. 
Мен де сондаймын. Танымайтын біреулерді талқылап, тіпті танысаң да, жақын араласпайтын адамдар туралы бірдеңе айтса "Құдай, басымды қатырмаңдаршы" деймін", – дейді Данагүл.

Бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған Данагүл ханым болашақ келініне қатысты ойымен де бөлісті. 

"Жақсы адам келсін деп тілейміз. Қазақ "тегі кім" деп бекер айтпайды. Қазір сол нәрсеге қайтып келе жатқанға ұқсаймыз. Текті жердің қызы болсын, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білетін, көп нәрсені көргені, білгені бар болсын. "Из грязи в князи" деген болады. Түк көрмеген қыз келген кезде өзі қайда, неге келгенін ұмытып қалады. Құдай сақтасын, текті жердің қызы келсін", – деп тілегін жеткізді ол.
Талқылау