"Қоян қашты, ит қуды": Тоқтар Серіков Қаңтар оқиғасына қатысты пікір білдірді
ҚР еңбек сіңірген әртісі Тоқтар Серіков Қаңтар оқиғасына қатысты жеке көзқарасын “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында айтып берді.
Фото: Видеодан скриншот
Өнер иесінің айтуынша, жазықсыздар тұтылып, жазықтылар құтылған, басы бар, аяғы жоқ оқиға секілді болған.
“Қаңтар оқиғасына қатысты көкейімде әлі де өксік бар. Бірақ осының аяғы аяқсыз қалғаны адам айтса нанғысыз дүние. Діттеген мақсаты не?! Не үшін басталып, немен аяқталғанын да ешкім білмейді. Көксегені не?! Қоян қашты, ит қуды” деген болды. Әлі күнге дейін кім бастағаны да белгісіз. Мүмкін, жазықсыз түрмеге қамалғандардың шынымен жазығы жоқ шығар. Тіпті, арамызда ұлт, бірлік туралы айтып жүргендер қанды оқиғаны ұйымдастырған сатқын шығар?! Ешкім анығын білмейді. Қара тастан белгі ғана соқты. Тарихта қалатын оқиға болғасын келешек ұрпақ та біліп жүрсін деген шығар?! Белгі қоюға қарсылығым жоқ. Қаңтар оқиғасы туралы менен сұрайтындар көп. Саясаттың адамы болмағасын бірдеңе деп айту қиын. Мен – қарапайым ғана өнер адамымын. Қара тасты қойған уақытта күйініп кетіп, өлең жазғаным бар. Қаншама жастардың қаны төгілді. Бір отбасының жалғыз асыраушысының жанын қиды. Өте қиын дүние. Бір ғана тілегім – ел аман болсын!”, – дейді әнші.
Сонымен қатар өнер иесі елімізде демократия жоқ екенін басып айтты. Ол болашақта жастар қарсылық танытпай, “күл болмаса бүл болсын” деп, мемлекетке жаны ашымай кететін шығар деп күдіктенеді.
“Өз пікірін білдіріп, жеке көзқарасын айтып жатқандарды қамап жатыр. Мұның арты жақсылыққа апармайды. Болашақта жастар өздерінің пікірлерін айта алмайтын, ұлтқа жаны ашымайтын буын қалыптастыра ма деп қорқамын. Қаншама адамдар көзқарастары үшін қудаланып жатыр. Елімізде демократияның жоқ екені рас. Қағаз жүзінде болғанымен, іс жүзінде көрінбейді. Алаңға шығып, пікірін айтып жүргендердің ешқайсысы шықпай қалды. Бәрін жаншып, сағын сындырып тастады. Бұл жақсы үрдіс емес”, – деп ағынан жарылды әнші.
Еске сала кетейік, 20 наурызда Бас прокуратура Тұрғымбаевтан қаңтар оқиғасы ісі бойынша жауап алғанын хабарлаған едік.
Тұрғымбаев ІІМ-ді 2019 жылдың ақпанынан бастап басқарды. Ал 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай қызметінен босатылды.