Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда 40 жыл трактор айдаған батыр ана тұрады

Қостанай өңірі астығымен танымал. Түгін тартса, май шыққан құнарлы өңірде жыл он екі ай ерлермен бірге еңбек етіп, ел ырысын арттырған батыр аналар да жетерлік. Солардың бірі – Галина Молдахметова.

f260b63c81c97c7189b0d0d811658f3a_L

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Ол 14 жасынан бастап зейнетке шыққанша еңбек етті. Соның 17 жылында трактор тізгіндеген. Галина Молдахметова 14 жасынан еңбекке араласты. Алғашында сауыншы болды. Қаршадай қыз бала отыз сиырды бір өзі сауатын. 1978 жылы Кәмшат Дөненбаеваның аты дүркіреп тұрған шақ еді. Қайсар қазақ қызын үлгі еткен 32 жастағы Галина Сейітқызы да трактор ершігіне отыруға шешім қабылдады. Жұбайы Тоқтарбай да оған қарсы болмапты. Сөйтіп, механизаторлық оқуға барған.

“Ең алғашқыда бізді ДТ, Беларусь тракторын тебуді оқытты. Жұмыс ауыр болды. Жылап та жүрдім. Трактор сынып қалғанда не істеріңді білмей, бәрібір еркектің көтергеніндей көтере алмаймыз ғой, біліп тұрсаң да, еркек кісі керек. Бірақ мені ешкім мәжбүрлеген жоқ, өзім барғасын істеуім керек болды”, – Галина Молдахметова, еңбек ардагері.

Намысқа тырысқан әйел сол қалпы табан аудармай, 17 жарым жыл тракторда істеп, 9 көлікке мінді. Көктемде жер жыртты, күзде егін жинады, қыста малға шөп тасыды. Еңбегі еленіп, бірнеше рет марапатқа ие болды. Бейнетке толы өмірлерін жиендеріне баяндаудан қариялар жалыққан емес. Зейнеткерлер жастығы өткен егіс даласын есіне жиі алады.

“Машинамен келе жатып, егістіктікті көргенде тракторларға қарап, шіркін-ай, бұрынғыдай істесем-ау деп ойлайсың. Қазір қартайсаң да сол уақыт ойға түседі. Қиындық көрген кез бақытты кез екен, – дейді Галина Молдахметова, еңбек ардагері.

Бейнет түбі – зейнет. Маңдай терінің жемісін көрген қарттар, азат елдің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерін көріп қуанады.

“Қазіргіні ол кезбен салыстырғанда қазір тіпті трактордың ішінде ойнап отырасың, бәрі жаңа, комбайн да, трактор да, жаңа шығып жатқан жабдықтар. Көзің қызығып, жүрегің лүпілдеп тұрады, біздің кезде бұлардың бәрі болмады, енді қазір істесек деп ұмтылғың кеп тұрады”, – дейді еңбек ардагері Тоқтарбай Молдахметов.

Еңбекқор отбасы өмірге жеті бала әкелді. 4 ер баласы ерте шетінеді. Үш қызы бой жетіп, 5 жиен сүйдірді. Галина әже жақында 70-ке толады, ал Тоқтарбай атамен отасқанына тура жарты ғасыр болған.

Талқылау