Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирустың екінші толқыны: Министр бюджеттен тағы да 238,7 миллиард теңге сұрады

Мәжілістің жалпы отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев медицина қызметкерлеріне коронавируспен күресу кезінде қолдау көрсету үшін тағы да 238,7 миллиард теңге қосымша шығыстар көзделгенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Сіздердің қарауыңызға 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасы ұсынылып отыр. Нақтылаудың негізгі міндеті - медициналық қызметкерлерге материалдық қолдау көрсету және COVID-19-дың таралу мүмкіндігінің екінші толқынына қарсы белсенді шаралар қабылдау. Осы мәселелерді шешу үшін 238,7 миллиард теңге қосымша шығыстар көзделді", - дейді Жамаубаев.

Карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 миллиард теңгеге қосымша ақы төленеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде COVID – 19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеуге - 83,2 миллиард теңге қажет. Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйлықақылар төлеуге – 11,7 миллиард теңге керек екені белгілі болды.

"Әкімшілер ұсынған қаражатты қайта бөлуді ескере отырып, экономиканың нақты секторын дамытуға және күш құрылымдарын әлеуметтік қолдауға 261,7 миллиард теңге шығыстар көзделген. Осы қаражат есебінен өндірісті ынталандыруға бағытталған бірқатар шара мен жобаны іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен табысын ұлғайту жоспарланған", - деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондай-ақ Ерұлан Жамаубаев барлық мемлекеттік бағдарламаның іс-шараларын жеткілікті қаржымен қамтамасыз ету көзделгенін атап өтті.

"Бұдан басқа, бюджетті нақтылау шеңберінде Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік органдар құру және қайта ұйымдастыру бойынша қаражатты қайта бөлу жүзеге асырылды. Нәтижесінде республикалық бюджеттің параметрлері келесідей қалыптасты. Республикалық бюджет түсімдері 185 миллиард теңгеге ұлғайып, 12 триллон теңге көлемінде анықталды", - деді ол.

Министрдің айтуынша, тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,5 пайыз деңгейінде сақталды.

Талқылау