Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Коронавирусты әнге қосу - өнерді мазақ ету": Продюсер хайп қуған әріптестеріне өкпесін айтты

"Жігіттер" тобының продюсері Ерғали Әбдірайымовпен Stan.kz тілшісі сұхбаттасып, шығармашылық және жеке өміріне қатысты жаңалықтарын біліп, сондай-ақ коронавирустың өнерге тигізген зияндары туралы біраз сыр шертті.

Әбдірайымов

Аға, сұхбаттың реті келгеніне қуаныштымын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Коронавирустан қорғану амалдарын қолға алған шығарсыздар?

Әрине, қорғану амалдарын қолға алдық. Алланың берген сынағы ғой, сақтансаң - сақтаймын демекші, ең алдымен, өзім және отбасым арнайы маскамен жүреміз, әр тамақ ішкен сайын, үйге кіріп шыққан сайын қолымызды жуып, таңертең тұрған кезде 1 чеснокты жеп аламын: ол қанды сұйылтады, ағзадағы микробтарды өлтіреді, әрі иммунитетіңді көтереді. 

Соңғы әлемді шулатқан жұқпалы вирус "Жігіттер" продюсерлік орталығына қаншалықты әсер етуде?

Әлбетте әсер етті, 8 наурызға қарсы Нұр-Сұлтандағы Елбасы және президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен болатын 2 концертіміз, 21-і күні және 23-і күндері Тараз қаласындағы мереке қарсаңындағы концерттеріміз де вирусқа байланысты кейінге шегерілді.

Ал, тойға барасыздар ма?

200-300 адамға арналған жиындарға барып жатырмыз, масштабты шаралардан бас тартудамыз. 

Хит вирус туралы ән жазылса хит болады деп ойласа керек, кей өнер иелері "коронавирус кет, кет" деп әндетіп жүр. Қаншалықты дұрыс?

Ондай шығып жатқан әндерді өнер деп айта алмаймын, онсызда көз алдымызда шетелдің әндерінің сөзін қазақшаға өзгертіп, сол әндерді шырқап жүрген әншілеріміз жетіп артылады. Мен ол әншілерді шоумендер деп есептеймін. Коронавирусты әнге қосу-өнерге жасалған мазақ деп білем.

"Жігіттердің" ізбасарлары сіздің продюсерлік орталықта қашан дүниеге келмек?

Жақсы қойылған сұрақ деп ойлаймын, болашақта Жігіттердің ізбасарлары болады деген ниеттемін, Жігіттерден бөлек 3-4 проектілерім болған, сол проектілерден кейін қайта дем жинап, жаңа жобалар қарастыруға ниеттімін. 

Өнерден өзге табыс көзі бар ма? 

Продюсерліктен бөлек қазіргі таңда көбіне бала-шағаның оқуына, өсіп-өнуіне бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Бұл жұбайым екеуміздің материалды да, моральды да, қаржылай да салып жатқан инвестициямыз, кішкентай бүлдіршіндердің жарқын болашағына үлкен септігін тигізеді. Бүлдіршіндеріміз болашақта елдің, жердің қамын ойлайтын, белсенді азамат болып өссе, еліне берері болса, біздің инвестициямыздың ақталғаны деп ойлаймын. ХХІ ғасыр білімді, әрі алғырлардың заманы ғой, осы тұрғыда, нағыз ұтылмастай бизнес деп осыны білемін. Ал бұдан бөлек, әрине, айналысып жатқан кішігірім бизнестеріміз бар. Бірі өрге басса, бірі болмай қалып жатқан сәттер де болады, бизнестегі қалыпты айналым ғой, өмір болғаннан кейін, өзіңнің жүрегіңе жақын саланы тауып, сол саланың нағыз маманына айналу керек. 

Көп әріптестеріңіз кинопродюсер атануда. Бағыңызды сынау ойда жоқ па?

Әрине, егерде халықтың жүрегінен орын алатын, қазіргі заманға сай етіп кинотуынды шығарсаң, ол табыс көзі болады, бірақта бұл менің тікелей мамандығым болмағандықтан, қазірге ондай болашақта жоспар жоқ. 

Сіздің инстапарақшаңызда жарнама жасау құны қанша тұрады?

Жарнаманы ақылы жасамаймын, біздің заман электронды форматқа өткеннен кейін өнердегі әріптестерім ақылы түрде жасап жатқанын білемін, бұл енді интернет желісінің дамыған заманы, оны дұрыс деп есептеймін және қолдаймын.

Бала тәрбиесінде ұстанатын қағидаларыңыз қандай?

Менің әке-шешем депутат, министр, әкім болған жоқ. Қарапайым ауылда өскен баламын. Ұлтым-қазақ, мұсылман болғандықтан балаларымды қазақи салт-дәстүрімен, иманды етіп өсіргім келеді. Әрине, ол менің бала-шағам тек қазақшаны біліп, басқасын білмеу керек деген дүние емес. Өздері ағылшын, орыс тілдерін меңгеріп жүр. Алайда, тәрбиеге келгенде қаймағы бұзылмаған қазақтың инабатын, адалдығын, адамдығын, кеңдігін үйретудемін. Қыздар аналарымен сырласады. Алды жоғарғы оқу орнында оқиды. Ал, ұлға әкенің назары керек қой. Өзіммен бірге спортқа апарып, қазірден ер азаматқа тән мінездерді бойына қалыптастырсам деп амал етудемін. Досындай сырласып,сөйлесуге тырысудамын.  Бала тәрбиесі жасына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, 15 жастағы жасөспірімге 5 жастағы балаға айтатын ақылды айта алмайсыз. Сол баламның жасына сай сөйлесіп, білгенімді айтып, тәрбиемді көрсетіп жүрмін.

Талқылау