Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда коронавируспен ауырған науқастар денсаулықтарының күрт нашарлағанын айтып жатыр

Коронавирус жұқтырған науқастар денсаулықтарының күрт нашарлағанын айтып шағымдануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

(Коронавирустан кейін денсаулығын қалпына келтіре алмай жүрген Әсел Әмірханова)

Соңғы уақытта дәрігерлерге дәл осындай шағыммен келетіндер көбейген. Бірі ішкі органдардың ауруымен жүгінсе, енді бірі жүрек ауруының пайда болғанын айтады.

Сондай науқастардың бірі Әсел. Коронавируспен ауырғаннан кейін келіншектің денсаулығы сыр бере бастаған. Ай күні жетіп, баласын бауырына басты. Бірақ бөпесін өбектеумен емес, аурухана жағалаумен әлек болды. Босанғаннан кейін одан вирус анықталған. Үш апта бойы дерттің ең ауыр түрімен күресті. Аурудың беті қайтқанымен, салдары оңай болмай тұр.  

"Коронавирустан кейін қанымда өзгеріс болды. Қан қысымым көтеріліп кетті. Жүрегімде тахикардия пайда болды. Басым жиі ауырады. Буындарым қақсап, кейде қолым қарысып қалды, терім бөртіп кетеді. 2-3 күн жақсы боп жүремін де қайтадан ауыра бастаймын. Қазір үздіксіз дәрілер ішіп, кешенді ем қабылдап жатырмын", - дейді Әсел Әмірханова. 

Екі ай уақыттан бері Әсел емдеуге 500 мың теңгеден аса қаражат жұмсаған. Қанша емделгенімен, келіншектің беті бері қарайтын түрі жоқ. 

Әсел секілді науқастардың қарасы көп. Бірі буыным қақсады дейді, енді бірі жүрекке өзгеріс барын айтады. Тіпті шашы түсіп, арықтап кеткендер де бар. 

"Асқынулар бар, көп асқыну. Жиі кездесетін асқынулар ұйқы безінің аурулары, холестит, гепатамегалия, гастрит, қанттың қанда жоғарылауы. Артроздар, артирид науқастардың арасында көп", - дейді №15 қалалық емхананың терапевті Серікхали Мұхамбет.

Вирустан кейінгі асқыну, үлкендерде ғана емес, жастарда да байқалған. Әсіресе, қанның ұюы, өттің толуы, ұйқыбезі аурулары, әлсіреу жиі кездескен. Халықтың мұндай шағымынан министрлік те хабардар. Сол себепті сақтандыру қоры есебінен оңалтудың бірнеше жоспарын жүзеге асырмақ. 

"Науқастардың денсаулығын оңалтатын қандай санаторий бар. Солардың тізімін жинап, конкурс жариялап, жеңсе, сол тізім бойынша дәрігерлер жолдама береді. Сол жолдамамаен өзінің денсаулығын қалпына келтіретін мүмкіндік бар", - дейді денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Бірақ санаториға жолдама вируспен ауырғандардың бәріне берілмейді. Тек індеттің ең ауыр түрін өткергендер ғана пайдалана алады. Оңалтуға қатысты жоспардың қашан әрі қалай жүзеге асатыны әзірге белгісіз. Ал мамандар вируспен ауырғаннан кейін міндетті түрде дәрігердің бақылауында болып, тексерілген жөн дейді.  

Талқылау