Коронавирус жұқтырғанына екі күн болған Қошанов бүгін Amanat партиясының отырысына қатысты
Amanat партиясының баспасөз қызметі фракция жиыны кезінде түсірілген суреттерді бөлісіп, қазақстандықтарды таңғалдырды. Жақында ғана коронавирус инфекциясын жұқтырып, мәжілістің кеңейтілген отырысына қатыса алмаған Ерлан Қошанов суреттерде бой көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Amanat партиясының баспасөз қызметі
Фотоларда жиынға маска тақпай барған депутаттармен қатар, мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та бейнеленген. Ол да маскасыз отырғанын айта кетейік.
Мұның мәні неде екенін мәжіліс аппараты баспасөз қызметінің бас сарапшысы Сәуле Бапақова түсіндіріп берді.
“Қошанов мырза сауығып кетті. Оның ПТР-тесті коронавирус жоқ екенін көрсетті”, – деді ол.
6 ақпанда мәжілісте президент қатысқан пленарлық отырыс өтіп, Олжас Бектенов премьер-министр атанды. Бұл жиынға Ерлан Қошанов қатысқан жоқ. Мәжілістің баспасөз қызметі спикердің коронавирус жұқтырғанын айтқан еді. Енді ол тек күдік болғаны анықталды.
Бүгін ғана коронавирус инфекциясына байланысты эпидемиологиялық ахуал нашарлауына байланысты президенттің іс басқармасы медициналық орталығының бас санитария дәрігері Айгүл Темірғалиева 7 ақпаннан бастап парламент мәжілісі ғимаратында маска тағу мен басқа да алдын алу шараларын міндеттегенін жазған едік.
Мәжілістің баспасөз қызметі жиналыс пен басқа да бұқаралық іс-шаралар онлайн-форматқа ауысатынын немесе маска тағу тәртібі мен санитария нормалары қатаң сақтала отырып өтетінін мәлімдеген.