Қорғаныс министрі әскердегі діншіл сарбаздарға қатысты жауап берді
Қорғаныс министрлігіндегілер қазынаның қыруар қаржысын қайда жұмсағандарын дәлелдей алмай дал болып жүр. Мұнда небары бір жылда 15 миллиард теңге ұшты-күйлі жоғалған, деп хабарлайды КТК арнасы.
Сәкен Жасұзақов бюджет ақшасын сот арқылы қайтаруға тырысып жатқанын айтып ақталды. Мәжіліске есеп беруге келген министр қарулы күштерде дінге бет бұрғандарға қатысты да жауап берді. Сондай-ақ, жуырда әскерилердің жалақысын өсіріп, тұрғынүймен қамтымақ.
Қорғаныс министрлігі қару-жараққа қаржы керек деп, төменгі палатаға қанша келсе де, депутаттар әскерилердің қолын ешқашан қайтармаған екен. Жылда техникаға, сарбаздардың тамағы мен киіміне деп миллиардтар бөлінеді. Бірақ, соңғы кезде сол қыруар ақшаға қол салатындар көбейіп кеткен.
“Қорғаныс министрлігінің саласында талан-таражға түсетін сома өсіп бара жатыр. Тек 2015 жылдың өзінде 15 миллиард теңгенң заты кем шыққаны көрініп отыр. Осыған бір шара қолданасыздар ма? Не істелініп жатыр? Шектеу қоятын күні келді ғой”, – дейді мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев.
Министр миллиардтардың ұшты-күйлі жоғалғанын мойындады. Тіпті, сол үшін 40 астам шенді сотталыпты да. Ал ақша бухгалтерлік есеп дұрыс жүргізілмегендіктен тиімді пайдаланылмаған дейді Жасұзақов. Енді министр жоғалған қаржыны шетінен сот арқылы қайтармақ.
“800-ден астам талап-арыз соттарға берілді. Оның 90 пайызы Астана сотымен қанағаттандырылды. 15 миллиардтың 12 миллиардын қайтару жайлы сот шешімі бар”, – дейді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.
Депутаттар Қорғаныс минситрлігіндегі жемқорлық дауынан кейін әскердегі діни ахуалға ауысты. Мәжілісмендер жат ағымның жетегінде кеткен жастар отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың арасында да бар деп қауіптеніп отыр.
“Әскерге шақырылған жастардың арасында өзге радикалды діни ағымдардың әсеріне іліккен жастардың болатыны белгілі. Олар армияда атымен жоқ деп әрине, айта алмайсыз. Олардың сақалын қырып, әскердің ұзын шалбарын кигізумен іс бітпейтіні белгілі. Әскер қатарындағы сондай жастармен қандай жұмыстар жүргізіледі?”, – мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов.
Алайда, министр алаңдауға негіз жоқ дейді. Жігіттерді әскерге қабылдамас бұрын алдымен психологтардың тексеруінен өтеді. Ал сап түзеген соң сарбаздармен арнайы идеолог-офицерлер жұмыс істейді екен.
“Сарбаздар қарулы күштерге бір жылға келеді. Бір жылдың ішінде казармада, жаттығуда өтеді, уақыты жоқ қой. Қауіп барларымен сөйлесеміз”, – деді ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.
Жасұзақовтың қарамағындағыларға жағымды жаңалығы да бар екен. Соңы 6 жылда алғаш рет әскерилердің жалақысы көтеріледі және оларды тегіс баспанамен қамтамасыз етпек. Әзірге еңбекақының қанша пайызға өсетіні белгісіз. Бірақ, депутаттар сарбаздардың тамағына кететін шығынға күмәнданып отыр. Мәжілісмендер министрдің: «жауынгер 1225 теңгеге бір тәулік бойы тоя тамақ ішеді» дегеніне сенбеді.
Сондай-ақ, елімізде терроризмге қарсы әрекет ететін арнайы әскер құрылыпты. Жаңа жасақ лаңкестік оқиға болған жағдайда Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге шұғыл шабуылға кіріседі. Қорғаныс министрінің айтуынша, қарулы күштер қатарынан құрылған арнайы жасаққа қажетті ұшақ, тікұшақ пен техника да дайын екен.
Тағы да оқыңыз:
Елімізде суррагат аналар көлік не пәтер алу үшін өзгеге бала туып береді